Русский Сайттың толық нұсқасы

Профессорды соққыға жығып, қаржысын қолды қылған қылмыстық топқа үкім шықты

  • AstanaTV
  • 06 қазан 2017
  • 4719

Жоғарғы оқу орнының ұстазын ұрып, үйіндегі жиған қаржысын қалтасына басқан қылмыстық топқа үкім шықты. Алматыдағы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында 6 айға созылған сот процесіне судья Бақытхан Бәкірбаев, бүгін, нүкте қойды. Енді 20 мен 23 жас аралығындағы жігіттер 10 жыл мен 11 жыл аралығын арқалап, қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде жазасын өтейді. Профессор үкімге разы. Ал ата-аналар болса, өте ұзақ мерзім деп келіспеушілігін айтуда.

Аграрлық университет профессорын соққыға жығып, 23 миллион теңгесін тартып әкеткен бестік ісіне, нүкте қойылды. Сот залына кірген судья Бәкірбаев, Мадияр Алтынбекке 10 жыл, Әбдіхановқа бұған дейінгі 2 жыл жазасын қосып 13 жыл жаза тағайындады. Қыстаубаев, Палманов пен Қосыбаевты 11 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкімін оқыды. Сонымен қатар, жәбірленуші Смағұловтың талабына сай материалдық шығын өндірілетін болады.

Батырхан Бәкірбаев, Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының судьясы:

Азаматтық жауапкер Алтынбектен, азаматтық талапкер Смағұловтың пайдасына материалдық зиян 821 228 теңге өндірілсін. Азаматтық жауапкерлер Палманов, Қыстаубаев, Қосыбаев және Әбдіхановтан азаматтық талапкер Смағұловтың пайдасына материалдық зиян 13 млн 194624 теңге ортақ тәртіппен өндірілсін.

Ал сотталушылардың ата-анасы жазамен келіспейді. Бұл тым ұзақ мерзім. Оның үстіне, қалған қаржыны қайтардық, дейді олардың туыстары.

Нұрғайша Ибраимова:

Жазамен мүлде келіспейміз. Балалар өздері бәрін мойындады. Бірақ мұның бір шикілігі - ол ақшаның қайда жатқанын қайдан біледі. Жаңағы наводчигін не балалар айтпай қойды. Бірақ сол ақшаның жартысы сол наводчикте.

Ал Қыстаубаевтың әпкесі болса жәбірленушінің 9 қабырғасы сынуы мүмкін емес деген пікірде.

Гүлмира Қыстаубаева: 

11 жыл деген сұмдық қой. Адам өлсе де, кешірім беріп жатыр ғой. Өлген жоқ қой ешкім. Бұрын өзі спортпен айналысқан екен. Сонда 9 қабырғам сынды деп ана кезде өзі сөйлеген. Ол 9 қабырғасы сынса, үйтіп жүрмейді ғой. Бір қабырғаның өзіне үйтіп жүрмейді.

Ағыбай Смағұлов бес жігіттің де тиісті жазасын алғаны дұрыс дейді. Жиған-терген қаржым үйдегі ұлымның еміне арналған еді деген жәбірленуші сот шешіміне риза.

Ағыбай Смағұлов, жәбірленуші:

Соттың үкімімен толық келісеміз. Атақты фильмде герой айтушы еді ғой «вор должен сидеть в тюрьме». Это свершилось.

Материалдық шығын мен жазадан бөлек, судья әр жігітке 500 мың теңге көлемінде жәбірленушіге моральдық шығын өндірілсін деген де үкім шығарды. Осылайша, 11 жылды арқалаған азаматтарды қатаң режімдегі колония күтіп тұр. Жас жігіттердің қорғаушылары болса, үкім қағазын алғаннан кейін 15 күн аралығында қайта шағымданамыз дейді.

Олжас НҰРЖАҚЫП