Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда ресейлік профессор жарақат алып, еліне қайта алмай отыр

  • AstanaTV
  • 17 ақпан 2020
  • 2309

Қызылжарда жарақат алған ресейлік профессор, еліне қайта алмай отыр. Техника ғылымдарының докторы Евгений Крамер теріскейге жұмыс бабымен келген. Алайда, тәжірибелі маман табан астынан далада құлап, жамбас сүйегін сындырып алыпты. Қонақ үйде төсек тартып жатқан қария жайлы тілшіміз сабақтайды.

Ресейлік техника ғылымдарының докторы Евгений Крамер биыл 85 жасқа толады. Зейнеткер өзінің жасына қарамай, белсенді өмір салтын жүргізген. Профессордың бүгінде 63 ғылыми еңбегі бар. Тәжірибелі маман бірнеше жыл қатарынан Шымкентте көпір салу ісімен айналысқан, артынша университетте дәріс оқу үшін Қызылжарға бет алған. Алайда, мұндағы ойы іске аспағанын айтады. Жығылғанға жұдырық демекші, сол уақытта жоқ жерден жарақат алып қалған.

Евгений КРАМЕР, ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

Мен осында желтоқсанның жиырма бесінде келдім. Екі күннен кейін далада құлап, жамбас сүйегімді сындырып алдым. Он күндей ауруханада жатып шықтым. Дәрігерлер тегін көмек көрсетті. Бірақ енді оңалып кетуім өзіме байланысты деді.

Зейнеткер туған-туысқандарымен араласпайтынын айтады. Қазір қозғалыссыз жатқан профессорды қонақ үй қызметкерлері уақытша қамқорлыққа алыпты.  Олардың айтуынша, жергілікті дәрігерлер қарияны аяғына тұрғызуға қауқарсыз болып шыққан.

Наталья ШИПП, ҚОНАҚ ҮЙ ДИРЕКТОРЫ:

Профессор біздің қонақ үйге екі жылдан бері тұрақты келіп жүреді. Осында біраз қонақтап, кейін басқа жаққа кетіп қалады. Бөлмесінің ақысын уақытында төлеп тұрады. Бұл жолы табан астынан бейнетке тап болды. Дәрігерлер қарияның жасына байланысты операция жасаудан бас тартты. Үш айдан кейін тұрып кетеді деген. Бірақ міне бір жарым ай өтті, бірақ денсаулығының жақсарғаны байқалмайды.

Евгений Крамер қажетті ем дом алу үшін, қонақ үй басшылығы Ресейдің Қазақстандағы елшілігіне де жолыққан екен. Бірақ дипломаттар қол ұшын созуға құлықсыз көрінеді. 

Галина ШИПП, ҚОНАҚ ҮЙ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз Ресейдің елшілігінен материалдық көмек көрсету үшін емес, жай ғана қарияның туысқандарын тауып алуды өтіндік. Бірақ бұл кісінің құжаты қолында болғасын өздерін шешіңдер деп жауап берді. Евгений Крамерге күрделі операция қажет деп ойлаймыз.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
 
Сөйтіп, білікті профессордың мәселесі әлі шешілер емес. Сексеннің сеңгірінен асқан адамның өзінен өзі айығып кетуі екіталай. Сондықтан отель басшылығы тез арада оның туысқандарын іздеп табуды көздеп отыр.

А. Құрманкин