Русский Сайттың толық нұсқасы

Ата-анасынан айрылған балалар мемлекет қамқорлығынан тыс қалмайды - «Nur Otan» партиясы

  • AstanaTV
  • 18 ақпан 2020
  • 2475

Батыс Қазақстан облысында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 1 мың 800 бала баспанаға мұқтаж. Бірақ бәрін бірдей үймен қамту мүмкін емес. Дегенмен олар мемлекет қамқорлығынан тыс қалмайды. Бүгін Оралдағы «Шаңырақ» жасөспірімдер үйіне жауапты органдармен бірге рейд жүргізген «Nur Otan» партиясының өкілдері осыны айтты. Айнагүл Өтебәлиева 14 жылдан бері осында тұрады. Балалар үйінде тәрбиеленген ол, қазір екі баласымен бірге кішкентай бөлмені паналап отыр. Мемлекеттен берілер тұрғын үй кезегінде 279-шы болып тіркелген, жалғыз арманы - баспаналы болу.

Айнагүл ӨТЕБӘЛИЕВА, ТҰРҒЫН:

Не былай, не былай бұрыла алмаймыз. Ток тұрған. Бала жыбырлай бастаса, жүрген соң осыны бағып отырамыз. Тіпті мынаның ішіндегі тұрғындардан да қорқамыз шынымды айтсам. Нанға шығып кетсек те, есікті кілттеп кетеміз. Өйткені мұндай неше түрлі жағдай, түрмеден шығып жатқандар да бар. Олардың ойында не бар екенін білмейміз.

«Шаңырақ» жасөспірімдер үйіне балалар үйінің түлектері орналастырылады. Заң бойынша олар мұнда 23 жасқа дейін тұруы тиіс. Бірақ көбінің жасы әлдеқашан асып кеткен. Өйткені басқа барар жері жоқ олар тұрғын үй кезегін ондаған жыл бойы күтуге мәжбүр. «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің тұрғындары 2015 жылы - 12 пәтер алса, соңғы екі жылда небары 6 пәтер ғана берілген. Енді бұл мәселені партия өз назарына алмақ.

Ажар НҰРАЛЫ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ БҚО ФИДИАЛЫ САЯСИ ЖҰМЫСТАР БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Үкімет барынша қолдан келгенше көмекті көрсетіп отыр. Бүгінгі біздің рейдті ұйымдастырған негізгі мақсат - осындай таратылған ақпараттардың оңдығына, дұрыстығына көз жеткізу және осыған қатысты органдардың барлығын шоғырландырып, ақ-қарасын шешіп алу. Алдағы уақытта бұл «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінде тәрбиеленушілердің жағдайы біздің "NUR OTAN" партиясының бақылауында болады.

Е. Карин