Елорданың бауырындағы Қоянды ауылында қаңғыбас иттер өріп жүр. 8 жастағы мектеп оқушысына 6 ит жабылып, сау-тамтығын қалдырмады. Арнамызға хабарласқан анасы осы оқиғадан кейін де атылған ит, қауіпсіздік үшін қабылданған шешім де жоқ дейді. Қар қалың түскен ауылда тамақ таппаған иттер адамға шабуы бірінші рет емес деп отыр. Елді -мекенде жалғыз мектеп бар, ондағы балалар 3 ауысымда оқиды. Кеш қайтқан оқушылардың бірін бұған дейінде ит қапқанын айтты.
Бақытгүл МАҒЫРАПАТ, ҚОЯНДЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Көршімнің баласы құтқарып қалды, әйтпесе біз білмейтін едік. Бір аяқ, бір қолы жансыз үйге келді. Кейін әкімшілікке өтініш бердім. Олар бізге ит ататындар бөлек болады, оларға өзім айтам, жауабын береді деді. Жарайды деп сол күні күттік. Телефон көтермейді. Вастаптан жазсам: мен жоғарыда отырмын, жиналыстан кейін жауап берем, деді. Бірақ әлі жауап жоқ.
Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:
Жауап жоқ деген шенеунікке біз хабарластық. Қазір тікелей байланыста Қоянды ауылының әкімі Айбек Есеев. Қайырлы кеш, Айбек мырза! Ит ауылда өріп жүр, құр жүрмей адамдарға шабады дейді. Қауіпсіздік үшін не істеп жатырсыздар?
Айбек ЕСЕЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ҚОЯНДЫ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:
Қайырлы кеш! Осы күнге дейін қаңғыбас иттерді аулап, жоюмен ауданда мамандандырылған «Төрт түлік» коммуналдық мекемесі айналысады. Жаңағы кісі айтқан жағдайды білеміз, өтініш жазған. Біз «Төрт түлік» мекемесіне хат жолдап, тиісті іс-шара қабылданған. Ит аулайтын кісі өтініш білдірушіге хабарласқанда телефонын көтермеді. Дегенмен қаңтар айында 19, ақпан айында 24 қаңғыбас иттің көзі жойылды. Ол жұмыс ары қарай жалғастырылады.
Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:
Ол мекеме сіздердің қарамағыңызға жата ма?
Айбек ЕСЕЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ҚОЯНДЫ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:
Жоқ, ол аудан әкімшілігіне қарасты.
Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:
6 ит жабылған балаға әкімдік тарапынан неге көмек көрсетілмеді?
Айбек ЕСЕЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ҚОЯНДЫ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:
Бізден тек қана иттердің көзін жоюды сұрады. Сосын көмектескен 7-ші сынып оқушысын марапаттауды. Марапаттауға бәрі дайын, боранды күндер аяқталған соң мектепте жиналыс жасап, ата-анасын шақыртып баланы марапаттаймыз.
Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:
Жалпы бұл жағдайды қатаң бақылауға ала аласыздар ғой?! Ешқандай қайғылы оқиға болмасын, Құдай сақтасын.
Айбек ЕСЕЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ҚОЯНДЫ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:
Әрине, қаңғыбас иттердің мәселесі әкімшіліктің қарауында. Ол үлкен проблемалардың бірі. Дегенмен осындай оқиғалар...
Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:
Сіздердің де жауапкершіліктеріңіз бар ғой?!
Айбек ЕСЕЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ҚОЯНДЫ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:
Әрине, жергілікті әкімшілік болған соң жауапкершілік болады.
Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:
Жақсы, сұхбатыңызға рақмет! Еске салайын бізбен тікелей эфирде байланыста болған Целиноград ауданы Қоянды ауылының әкімі Айбек Есеев. Бұл мәселеге бей-жай қарай алмадық. Біз жуырда ауылға барып, бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын тағы хабарлайтын боламыз. Қымбатты көрермен, сіздің де мәселеңіз болса, экрандағы телефонға хабарласыңыз! Біз сізбен бірге тікелей эфирде бірге жауап іздейміз.
Ә. Өмірзақ