Русский Сайттың толық нұсқасы

Әскери қызмет орнын тастап қашқан әскери қамауда отыр

  • AstanaTV
  • 21 ақпан 2020
  • 3399

Түркістан облысында әскери бөлімді өз бетімен тастап кеткен әскери қызметші Алматыда ұсталды. Қару-жарақ ұрлап қашты деген күдікті - кіші сержант Абылай Балғынбайға кеше іздеу жарияланған болатын. Әлеуметтік желіде арнайы жасақпен ұсталған әскери қызметшінің суреті тарап кетті. Қазір бұл факті бойынша қару-жарақтар мен оқ-дәрілерді ұрлау бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:
 
Келісім-шартпен жұмыс істеп жүрген әскери шын мәнінде қызметтік орнын тастап кеткен. Ол автомат, пистолет сынды атыс қаруларын ұрлаған. Қазір ол ұсталды, қару-жарақтарды алу бойынша тергеу шаралары жүргізілуде. Сондай-ақ, оның сыбайластары анықталғасын атыс құралдарының қайда жасырылғаны, қайдан анықталғаны жайлы қосымша жариялаймыз. Бүгінше тергеу құпиялылығына байланысты бұл ақпаратты мен айта алмаймын.


Ішкі істер министрі ертең жағдайды толық баяндауға уәде етті. Ұрланған қару-жарақ табылды ма, ол жағы да әзір белгісіз.   Айта кетейік, 24 жастағы Абылай Балғынбай Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери бөлімінде келісім-шарт бойынша 2016 жылдан бері жұмыс істеп келген. Ақпанның 19-нан 20-на қараған түні ол рота бойынша кезекшілік ауысым құрамында болып, бөлімді өз еркімен тастап кеткені хабарланған. Сол мезетте қаруды сақтау бөлмесіндегі атыс құралдарының да жоғалғаны анықталған. Алайда әскери қызметшінің ет -жақындары мен ауылдастары Абылайды бұл жайтқа сене алар емес.

Эльмира ТІЛЕМІСОВА, ҚАЙНАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жақсы жігіт, өзі момын жігіт тұғын, бұзықтығын көрген емеспіз.  Әке-шешесі де момын жандар. Сенбедік. Енді біреудің несіне іліккен шығар дедік. -Арандату ма? -Арандату шығар деп тұрмыз.

Мақпал ЖАППАРҚҰЛОВА, ҚАЙНАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Жақсы бала, жаман ешқандай қылығын естімегенбіз. -Жиі көретін бе едіңіздер? -Мен енді көп көрмегем, Бірақ жақсы бала ғой. -Бұзықтығы? -Жоқ, ондай ештеңесі жоқ. -Отбасы қалай? -Отбасы да жақсы, папасы да жақсы кісі.

А. Төребекқызы