Солтүстік Қазақстан облысының атқамінерлері мектепке автобус тарту етіп, кейін қайтадан алып қойған. Қазір Бәйтерек ауылының оқушылары көлікке мұқтаж. Олар сабаққа бару үшін жаяу жүруге мәжбүр. Атқамінер тарту еткен сыйлықтың тағдыры не болды? Оқушылардың жаяу қатынауы қашан тыйылады? Ата-аналардың жанайқайын аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин әңгімелейді.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Бәйтерек ауылы балаларының физикалық дайындығы әскери сарбаздардан кем емес, сірә. Қоғамдық көлік болмағандықтан оқушылар күнде 1.5 шақырым қашықтықты жаяу жүреді. Арқаға бес келі кітапты асып алатын балалар бірде қарға батып, бірде арып-ашып келеді дейді ата-аналар.
Қаңғыбас иттерден сақтану үшін балалар топтасып жүруге мәжбүр. Кешке сабақ біткен соң, балалардың қауіпсіздігіне алаңдаған ата-аналар оларды қарсы алу үшін жұмыстан ерте сұранатындарын айтады.
Дина ИЗТАЕВА, АТА-АНА:
Менің қызым жарты сағат жүреді. Қараңғыда міндетті түрде өзім барып әкелемін. Ал күндіз иттерден қорқамыз. Кейде олардан қашып, мектепке бармастан үйге қайтып келеді. Мектептің көлігі жоқ. Тіпті ауданда жарыс болғанда да өзіміз көлік жалдап, апарып отырамыз.
Лилия МЕДВЕДЕВА, АТА-АНА:
Менің бұл мектепте екі балам оқиды. Күн суық немесе боран болған кезде үйде отырамыз. 3-4 күн шықпайтын кезіміз де болады.
Бәйтерек орта мектебінде бүгінде 300 тарта бала білім алып жатыр. Олардың елуге жуығы шалғайдан келіп оқиды. Оқушыларды тасымалдау үшін 2016 жылы бұрынғы облыс әкімі "ПАЗ" автобусын табыс еткен. Алайда, ол көлік ілң-шала із түссіз жоғалған. Осында төрт жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан директордың орынбасары автобусты мүлде көрмегенін айтады.
Жанат САДУАҚАСОВ, БӘЙТЕРЕК ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ҒЫЛЫМ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ МЕҢГЕРУШІСІ:
Мен осы мектепте 2016 жылдың 10 қыркүйегінен бастап мектеп директорының тәрбие ісі бойынша болып жұмыс істеймін. Біздің мектепке пазик, яғни автобустың берілгеніне мен куә болған жоқпын. Бірақ мектепке қазір газель берілді. Газель мектебімізде бар. Аудандық деңгейде жарыс сайыс өтетін болса, ол оқушыларды тасымалдайды.
Бізге белгілі болғаны, автобус бірден автосалонға қайтарылған. Білім бөліміндегілердің айтуынша балаларды тасымалдаудың қажеттілігі жоқ деген шешім туған.
Амангелді ӘБДІРАХМАНОВ, СҚО ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМДІГІ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Сол кезде Паз автокөлігі кепілдік хатпен жоспарланып алынған болатын. Одан кейін осы Бәйтерек мектебіне күнделікті және жұмалық балалар тасымалы қажеті болмағандығынан, ол автокөлік қайтарылып берілген болатын және ол жерге осы аудан бөлімінің тарапынан шешім шығарылып, 2019 жылы мектепке газель автокөлігі берілген болатын.
Аудандық әкімдіктің өкілдері, балалар қыркүйек айынан бастап «Газельмен» тасымалданады деп сендіреді. Бірақ бір рет экс-әкімнің жуан сөзіне сеніп, артынша алданып қалған тұрғындар бұл жолы олардың уәдесіне күмәнмен қарап отыр.
А. Құрманкин