Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістандықтарды мазалаған мәселе «Nur Otan» партиясының бақылауында

  • AstanaTV
  • 26 ақпан 2020
  • 2257

Түркістан облысы Жетісай ауданының дихандары ағын судың азабын тартып келеді. Тіршілік нәрі алқаптарға жетпегендіктен шаруалар өнімнен қағылуда. Осы өңірдегі ағайынның өзекті мәселесіне «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек құлақ түрді. Ол қордаланған түйіткілдердің оң шешім табуын тікелей партия бақылауына алатынын жеткізді. Жетекші партия Төрағасының Бірінші орынбасары кеше Созақ пен Отырар ауданында да болды.

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің аймақтарға бүгінгі іс-сапары Жетісай ауданы дихандарымен кездесуден басталды. Мұндағы жұртты суармалы егістіктің жайы қинап жүр. Ағын су келетін каналдың жөндеуі  жеті жылдан бері бітер емес, деді шаруалар. Жұмыс қарқыны мәз емесіне партия өкілінің өзі де куә болды. 24 шақырымдық каналдың құрылысы қазір тоқтап тұр. Шаруалар субсидия мәселесін де көтерді.

Рауф НИФТАЛИЕВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Өнімнен қағылып жатырмыз. Өсімдік біткен суға тәуелді болғандықтан ағын суға зармыз. Мақта, қауын-қарбыз болсын барлығы тура суарылатын мерзімде тапшылық көреді. 

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Ауыл шаруашылық біз үшін өте маңызды. Халықтың 43 пайызы ауылды жерде тұрады ғой, сондықтан мына жерге арнайы келіп, қазір осы комитетпен бірлесе отырып, бақылауға алып, келіп сіздерге есеп береді қалай болып жатқанын. Ал субсидия бойынша жалпы сөйлестік, шешіп жатқан сияқты.

Байбек бастаған топ тұрмысы төмен отбасылармен де кездесті. Елбасының «Бақытты отбасы» жобасы аясында  қолға алынған «Қамқорлық» бағдарламасы шеңберінде  Жетісайда көпбалалы екі жанұя баспаналы болды. Алты баланың анасы Қарлығаш Дүкенова мүгедек күйеуімен бұған дейін пәтер жалдап келген. Жаны жомарт жандардың арқасында мәселесі шешілген отбасының қуанышында шек жоқ.

Қарлығаш ДҮКЕНОВА, ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мойнымыздан үлкен жүк түскендей қуанып отырмыз, 15 жылдан бері күткен үйіміз осы үй. 

Жетекші партия Төрағасының Бірінші орынбасары сапар барысында Созақ пен Отырар ауданында да болып, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдады. Шәуілдір ауылындағы қос қабатты үй тұрғындарын жылу мәселесі қинап келеді. 300 -ден аса отбасы қыс ауасы электр пешін қосып, кейбірі көппәтерлі үйде пешке от жағып отыр. Өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары салынған 24 баспана оншақты жылдан бері жер асты ыстық суымен жылытылады. Орталық қазандық бар деген аты ғана, жылуы мардымсыз деді халық.

Айнұр НҰРТАЗА, ШӘУІЛДІР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жылуға сенім болмағасын қайтадан пеш салып алдық. Сонымен от жағып, кәдімгі жыл сайын 2-3 тонна көмір түсіріп, отын түсіріп от жағамыз.

Тұрғындар қазандық салып беруді сұрайды. Облыс әкімі ұзақ жылдардан бері қордаланып келген мәселенің жақынарада шешілетінін айтты. Жергілікті бюджетті нақтылау кезінде жылу жүйелерін салу үшін 700 млн. теңгеден астам қаржы бөлінбек.
 
Өмірзақ ШӨКЕЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
   
200 млн қазандыққа бөлінген. Биыл бюджетке салынды. Жылдың аяғы келесі сезонға дейін толығымен шешіледі, шешіп береміз.

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Елбасы айтқандай партия халықтың сөзін сөйлеп, мұңын мұңдау керек. Халықтан жоғары ешкім жоқ. Сондықтан енді біз қолымнан келгенше өзім де, партия басшылығы, біздің депутаттарымыз да шалғай ауылдарға барып, халықпен жүздесіп, проблемаларды біліп, соны сол жоспарға енгізейік деп жатырмыз.

Жұмыс сапары барысында Бауыржан Байбек Жетісайдағы апатты ғимарат орнына бой көтерген қалалық емханада да болды. Емдеу мекемесі қондырғылардың жоқтығынан қолданысқа берілмей тұр. «Nur Otan» партиясы бұл мәселені де өз бақылауына алмақ.  Бауыржан Байбек өңірдегі іс-сапарында зиялы қауыммен, түркістандық қоғам белсенділері мен жастармен еркін форматта кездесіп, пікір алмасты.

А. Төребекқызы