Алматыда оқудан шығып қалған балалардың ата-аналары көмек сұрайды. Олар Республикалық спорт колледжі заңсыздыққа жол берді деп отыр. Кәмілет жасқа толмаған оқушыларды колледж ұжымы ата-аналарға ескертпестен шығарып жібергенін түсіне алар емес.
Алматыдағы Республикалық спорт колледжі мен оның тәлімгерлері арасындағы дау былтыр қараша айында басталған. Аталған оқу орнының бір топ оқушысы билікке әлеуметтік желі арқылы бейнеүндеу жариялаған. Онда жаттықтырушы заңсыз жұмыстан шығарылды деп мәселеге араласуды сұрайды.
Осыдан кейін бейнетаспадағы оқушылар жаппай оқудан шығарылған. Ата-аналарының айтуынша білім ордасы балалардың жаттықтырушысын жұмыстан қуған. Бұған наразы оқушылар сабаққа қатыспапты.
Рано КЕНЕНБАЕВА, АТА-АНА:
Екінші қараша күні тренерлерін себептен себепсіз заңсыз, жұмыстан шеттетеді. Оларды басқа тренерге береміз деген кезде балалар біз ол тренерде тренироваться етпейміз, себебі 2017 жылы ол тренерлерден біздің балалар таяқ жеген. Әлім-жеттік көрген балалар.
Ата-аналар балаларының өз жаттықтырушысы қызметіне қайтаруды талай талап еттік дейді.
Рано КЕНЕНБАЕВА, АТА-АНА:
Өзіңнің тренерін қолдағаны үшін оларды оқудан шығарды сонда бұл әділдік па? Қазір менің балам оқусыз, мен өз баламды жәй мектепке бере алмаймын. Себебі ол спортқа дарынды бала.
Ал колледж басшылығы болса, даулы мәселені өзара шешпек болған. Балалар сабақтан қалмауы үшін қолдан келгенді жасадық деп отыр. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, «талапшыл» таэквондошылардың ісі тәртіптік кеңесте де талай талқыланды дейді.
Жанар ЫСҚАҚОВА, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СПОРТ КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРДЫҢ ОҚУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
Біздің 10 баланың ішінде төрт бала оқуға қайтып, сабақтарын сол қарашадан бастап жалғастыруда. Ал 6 бала өз үзілді кесілді біз сабақтан бас тартамыз деді. Бұл колледжге балалар қайтып келе алмайды. Өйткені олар тәртіп ережелерін бұзып отыр.
Білім ошағының қабырғасында шешімін таппаған мәселеге министрлік араласып, тексеру жұмыстарын жүргізген. Арнайы комиссия директордың шешімі заңды деп қабылдапты. Тәуелсіз заңгерлерде бұл жерде заңға қайшы әрекет жоқ екенін айтты.
Сергей УТКИН, ЗАҢГЕР:
Кез келген қызметкер ауырып не басқа себеппен жұмысқа шыға алмайтын болса оның орнына жаңа маман басатыны бәрімізге белгілі. Әрине мектеп директорының ісі заңға сәйкес келеді. Ата-аналардың бапкер жұмыстан қуылды екен деп, балаларын білім ордасынан тыйғаны дұрыс емес. Мейлі қарапайым мектеп болсын мейлі атағы дардай колледж болсын сабақтан қалмауы керек еді.
Колледж басшылығы енді бұл істі жергілікті полиция мен ювеналдық инспекторларға тапсырмақшы. Ал мәселесін даулаған ата-аналар болса, республикалық мекемені сотқа беруге бел бекінген.
Ә. Лесбек