Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада бір тәулікте 400-ге жуық адам ауруханаға жүгінген

  • AstanaTV
  • 27 ақпан 2020
  • 2851

Бас қалада бір күннің ішінде 400-ге тарта адам түрлі жарақатпен ауруханаға жүгінген. Көпшілігі көктайғақтан зардап шегіпті. Құбылмалы ауа райынан Нұр-Сұлтанға қатынайтын жол қозғалыстары да тоқтатылған. Кешелі-бері 74 жол көлік оқиғасы тіркеліпті. Апат салдарынан бір адам көз жұмды. Ғалымжан Өтемісовтың репортажы.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:
 
Елорда көшелері мұз айдынына айналды. Кешегі жауған жауыннан кейін, ауа райы күрт құбылып жолдың бәрін мұз басты. Сырғанай беруге болады, тек жарақаттанып қалмаңыз!


Қыс шегінбей жатып, көктем үстемдік орнатты. Қазір дәрігерлер күндіз-түні тынбай жұмыс істеуде. Себебі соңғы бір тәулікте мұзға құлап, зардап шеккендердің күрт өскен. Нақтырақ айтсақ 50 адам аурухана төсегіне танылыпты. Жеңіл желпі жарақат алғандар да көп, аяқ-қолы сынғандары да кездеседі.

Алексей СОЛОД, НҰР-СҰЛТАН №1 ҚАЛАЛЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫ ТРАВМАТОЛОГИЯЛЫҚ ПУНКТІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Ауруханаға жатқызылған емделушілердің барлығының жағдайы жақсы. Ауыр халдегі науқастар жоқ. Қазіргі уақытта адамдар барынша мұзды жолмен жүрмеуге тырысуы керек. Кедір-бұдыры бар аяқ киім кисе тіптен жақсы.

Бұл кадрларды жолаушылардың өздері түсірген. Жаңбыр артынан жауған қар көлік иелерін де титықтатты.  Полиция департаментінің өкілдері қалаға қатынайтын барлық жолдардағы қозғалысты тоқтатқан.

Бауыржан ТОҚЖҰМАН, НҰР-СҰЛТАН қ. ПД АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Таңнан бері жол көлік оқиғасы көбейді. Қосшы-Нұр-Сұлтан бағытының өзінде 4 оқиға тіркелді 18 көліктің қатысуымен.

Ал, синоптиктер ауа райын болжауға үлгермей жатыр. Олар циклондар мен антициклондар тез ауысып жатыр деді. Бұл - көктем басталып жатқанын білдіреді деп отыр. Айта кетейін қазір елдің басым бөлігінде дабылды ескерту жарияланған. Ел астанасында ұйытқыған жел тек түңге қарай тоқтауы мүмкін.

Ғ. Өтемісов