Мұхтар Жәкішев мерзімінен бұрын босатылатын болды. Семей қалалық соты бүгін осындай шешім шығарды. Бірнеше бап бойынша айыпталған «ҚазАтомӨнеркәсіптің» экс-басшысы 14 жылға бас бостандығынан айрылған болатын. Ол тағайындалған жазаның он бір жылын өтеді. Егер прокуратура аппеляциялық шағым түсірмесе он бес күннен кейін еркіндікке шығады.
Шартты түрде мерзімінен бұрын босату жайлы өтініш хат жолдаған Мұхтар Жәкішевтің өзі, сот залында болған жоқ. Түрмедегі жазасын өтеуші процесті бейнебайланыс арқылы тындады. Сот залына жиналғандардың қарасы қалың, тілшілер қауымы да көп болды.
«ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясының экс-төрағасы 2009 жылы мамыр айында ұсталған еді. Жемқорлық қылмыстық әрекетері үшін он төрт жылға сотталды. Жаза мерзімінің үштен бір бөлігі өтелген соң, екі рет шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығу жөнінде өтініш білдірген. Алайда сот екеуін де қанағаттандырмаған болатын. Ақпанның алтысы күні Мұхтар Жәкішев үшінші мәрте өтініш хат жолдаған.
Мұхтар ЖӘКІШЕВ, ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ:
Менің прокуратура мен сотқа жазған негізгі өтініш хатымның мәнісі мынадай. Заңдылықпен біреудің мүддесін қалқаламай, оны өздеріне қолдану. Бұдан басқа ешқандай өтінішім жоқ.
Оның адвокаты сотқа қорғаушысының моральдық және психикалық жағдайы жайлы, денсаулығының нашарлағаны жөнінде анықтамалар мен мүгедектігі туралы құжатты ұсынды. Арасында түрме басшылығы жазған оң мінездеме де бар. Алайда прокурор мұның бәрі мерзімінен бұрын бостандыққа жіберуге негіз бола алмайтынын айтты.
Саид АЙМҰХАН, СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ:
Сот шешімімен өтелуі тиіс 99 миллиард теңгенің тек 272 мың 601 теңгесі төленді. Қылмыстық кодекстің 82 бабына сәйкес келтірілген зиянды толық өтеген жағдайда ғана бостандыққа шыға алады. Оның қазіргі сырқаттары, жазасын өтеушіні мерзімінен бұрын бостандыққа шығаратын тізімге кірмейді. Құрметті сот бүгінгі күні жазасын өтеушіні мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға негіз жоқ.
Құқыққорғаушылар бірнеше мәрте Мұхтар Жәкшевті босатуды сұрап, үндеу жариялады. Бірнеше күн бұрын ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атышулы іске қатысты өз пікірін білдірген еді. Ол сот шешімінің әділ болатындығына сенім артты. Міне бүгін сотталушының өтініші жерде қалмады.
Жанат ӘБЕНОВА, СЕМЕЙ қ №2 СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Сот,Мұхтар Жәкішевтің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырды.
Сот шешіміне қатысты тараптар он бес күннің ішінде шағым түсіре алады. Осы уақытқа дейін Мұхтар Жәкішев түзету мекемесінде болады. Егер прокуратура аппеляциялық шағым бермесе шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығады. Бірақ пробациялық бақылауға бағынады. Ел ішінде және шетелге шығу үшін солардың рұқсаты болуы тиіс. Ол өтелмеген мерзімі өткенше яғни үш жылын бақылауда өткізеді.
Ғ. Өтемісов, З. Санай