Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстік Кореяда короновирус жұқтырды деген күдікке іліккен Қазақстан азаматы сап-сау!- А. Смадияров

  • AstanaTV
  • 04 наурыз 2020
  • 2407

Оңтүстік Кореядағы Қазақстан азаматы қауіпті індет жұқтырды деген ақпарат жалған. Сыртқы істер министрлігі бүгін осылай деді. Бұған дейін әлеуметтік желіде қазақстандық клиникадан қашып кеткені хабарланған еді. Сеулдегі жергілікті полициямен байланысқа шыққан Сыртқы істер министрлігі ешқандай сараптама жасалмаған деп отыр. Алайда Кореядағы әлеуметтік желілерде әлі де Руслан Игіліковтың суреті өріп жүр. Елді дүрліктірген жағдайдың анық-қанығын әріптесім анықтауға тырысты.

Суреттегі азамат Руслан Игіліков. Соңғы бірнеше күнде отандасымыз тек Кореяда емес, күллі әлемге әлеуметтік желі арқылы танымал болды. Жергілікті полицейлердің мәліметінше отандасымыз қоғамдық жерде тамақтанған, ал ол жерде коронавирус жұқтырған адам да болған көрінеді. Кореяда заңсыз жүрген жерлесіміз министрлікпен байланысқа шығыпты. Ол аурухана тұрмақ, қауесеттің ошағына айналған Ансон қаласында ешқашан болмағанын айтқан. Қажет болса, барлық процедурадан өтуге дайын екенін жеткізіпті. 

Айбек СМАДИЯРОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қазақстандықта коронавирустың ешқандай белгілері жоқ. Оған ауруханадағылар коронавирусқа тексеріле алмайтынын және ауруханада жатқызылмайтынын айтқан. Отандасымыздың жағдайын қадағалап отырамыз.

Министрлік халықты дүрлікпеуге шақырды. Үрейленетін де әзірге негіз жоқ деп отыр.

Сәуле ҚИСЫҚОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Денсаулық сақтау министрлігі күн сайын мониторинг жүргізеді және ол туралы үкімет деңгейінде баяндалады. Басқа мемлекеттерден елімізге келіп жатқан адамдардан коронавирус анықталған жағдайда студенттердің оқуына қатысты қандайда бір өзгеріс болуы мүмкін. Бірақ дәл қазіргі уақытта бұған қатысты ешқандай шешім қабылданған жоқ.

Ал Қазақстанның бас санитарлық дәрігері елде коронавирус инфекциясының алдын алу шараларын күшейту бойынша қаулы жариялады. Қаулыға сәйкес қауіпті аймақтардан келген жолаушылар екі категория бойынша 14 күн карантинге жатқызылады.

Диас АХМЕТШӘРІП, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Бұл дегеніміз ауру адамдар емес, оны дұрыс түсінуіміз керек. Олар вирус жұқтырғандар емес. Тек қауіптің алдын-алу үшін оларды ауруханаға карантинге жатқызамыз.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше қазіргі уақытта қауіпті індетті жұқтырғандар саны 90 мыңнан артып жығылады, оның 80 мыңнан астамы Қытайда, қалған 10 мыңға жуығы әлемнің 72 еліне тиесілі. Ал індеттің құрбандары 3 мыңнан асқан.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Әлемді дүрліктірген вирусқа халық та, дәрігерлер де алаңдаулы. Мамандар тіпті қол алысу да қауіпті болуы мүмкін дейді. Сондықтан қол алысып амандасудың орнына, жай ғана сәлемдесуді ұсынып отыр.

Ғ. Өтемісов