Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда медициналық маска тапшы, - А. Нұртаев

  • AstanaTV
  • 04 наурыз 2020
  • 3378

Қазақстан 30 миллион дана медициналық бетперде қажет. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының бас директоры Арнұр Нұртаев осылай деді. Вирустан қорғанудың құралы болған бетперденің дәріханалардан табылмауына не себеп? Тақырыпты әріптесім Асылбек Данияр жалғастырады.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Ұлттық орталықтың мамандары медициналық бетперде тапшылығы заңды құбылыс деді. Өйткені оны жасайтын шикізат Қытайдан келеді, қазір оның бағасы да шарықтаған.  Желтоқсаннан бері масканың бағасы 6 рет өскен.

Енді отандық кәсіпорындарға өндірісті 6 миллион данаға дейін арттыруды жүктемек. Сондай-ақ, ғаламтор арқылы оны саудалайтындарды да тексерілмекші.

Арнұр НҰРТАЕВ, ҚР ДСМ «ДӘРІЛІК ЗАТТАР МЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ БҰЙЫМДАРДЫ САРАПТАУ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ» БАС ДИРЕКТОРЫ:
 
Біздің ең басты міндетіміз - халық арасындағы маска жоқ деген дүрбелеңді тоқтату. Алыпсатарлар 9 миллиондай масканы сатып алған. Енді бізге 30 миллиондай маска керек. Бірақ ол бетперделерді, жағдай тұрақталған соң өткізе алмай қаламыз ба деген қауіп те бар. 

Қазір дәріханаларда медициналық бетперденің бағасы 80 мен 100 теңгенің аралығында сатылып жатыр. Енді бір қолға 10 данадан артық маска сатуға тыйым салынды.

Жұқпалы аурулар бойынша жетекші маман Динагүл Баешева медициналық масканы ауруға шалдыққан адам мен дәрігер ғана тағуы керек деді. Ал сау адамдарға бетпердені пайдаланудың қажеті жоқ деп отыр. Ол жеке бастың гигиенасына көңіл бөлуге шақырды.

Динагүл БАЕШЕВА, ҚР ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР БОЙЫНША ЖЕТЕКШІ МАМАНЫ:

Егер ауырған адамға өте жақын тұрсаңыз, сізді медициналық маска да құтқармайды. Оңтүстік Кореяда дүкенде кезекте тұрған адамдар медициналық маска таққанымен, бір-біріне өте жақын орналасқан. Өздеріңіз көріп отырғандай, соның салдарынан ауырғандар саны күрт өсіп келеді. Вирус жақын байланыс болған кезде жұғады.

Вирустан қорғану үшін адамдар беті-қолдарын жиі жууы қажет. Санитарлық мамандар коронавирус 60-70 градус ыстық температурада ғана жойылатынын ескертеді. Сондықтан тұтынатын жеміс-жидекті де ыстық сумен жуып пайдаланғаны абзал.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Үкімет "COVID-19" деп аталын індеттің, ел аумағына келмеуі үшін барлық шараларды қолға алған. Сонымен бірге, медициналдық бетперденің жетіспеушілігін жоюға да күш салмақ. Қазір осы мақсатта штаб құрылу жоспарланған.
 
А. Данияр