Русский Сайттың толық нұсқасы

Сот «Қазақфильм» мен «Sataifilm»-ді татуласуға шақырды

  • AstanaTV
  • 06 наурыз 2020
  • 2419

50 миллион ба, әлде 9 миллион теңге ме? «Томирис» фильмін монтаждау кезінде жұмсалған қаржы көлемі қанша? Бүгін Алматыда «Қазақфильм» киностудиясы мен «Sataifilm» кино компаниясының өкілдері сотта кездесті. «Sataifilm» өкілдерінің айтуынша, тарихи фильмнің монтажы үшін «Қазақфильм» 9 млн 300 мың теңге қарыз. Алайда «Қазақфильм» өкілдері тартысқа түсіп отырған қаражаттың анағұрлым көп екенін айтты. Киностудия президентінің кеңесшісі Мақсат Мерекенов 50 млн теңгеден асады, дейді. Оның айтуынша, «Sataifilm» еңбек келісім-шарты бойынша 21 млн. теңгеге, одан тыс монтажға жұмсалған 41 млн. теңгеге атқарылған жұмыстардың актілерін тапсыра алмай отыр.

Мақсат МЕРЕКЕНОВ, Ш.АЙМАНОВ АТЫНДАҒЫ «ҚАЗАҚФИЛЬМ» КИНОСТУДИЯСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСШІСІ:

Айтылып отырған 9 млн. теңге "Қазақфильмде" тұр. Ол міндетті түрде төленеді, тек жасалған жұмыстың нақты есебі өткізілген соң. Бірақ "СатайФильм" мемлекеттік сатып алу бойынша әлі күнге орындаған жұмыстары туралы ешқандай есеп өткізбеді. Яғни, одан да қомақты қаражаттың есебі жоқ. Қос компания жасаған жұмыстары бойынша есеп бермейтін болса, үкімет қаржыны кері қайтарып алуға құқылы.


Ал сот қазысы, тараптарды татуласып, істі өзара келісу арқылы шешуге тағы да мүмкіндік беретін айтты. Айта кетейік, Ақан Сатаевтың компаниясы атқарылған жұмыстар туралы есепті былтыр 31 желтоқсанға дейін өткізуі тиіс болған.

А. Келемжан