Русский Сайттың толық нұсқасы

Семей ядролық полигонынан зардап шеккендер саны 1 жарым миллионға жеткен

  • AstanaTV
  • 11 наурыз 2020
  • 3845

Семей ядролық полигонынан зардап шеккендер саны- 1 жарым миллионға жеткен. Аумақта радиациялық жағдай әлі де сезіледі. Ал оны кешенді тазарту үшін 2 жарым млрд қаржы қажет. Бүгін мәжілістің жалпы отырысында осындай мәлімдемелер айтылды. Сонымен қатар, жиында депутаттың қазақша сұрағына- орысша жауап берген шенді де сөз естіп қалды. Әріптесім Айя Мүтәлі тарқатады.

Марина Соловьева -зейнеткер. Қария Өскемен қаласында тұрса да, Семей сынақ полигоны дегенді естісе, әлі күнге дейін денесі түршігеді. Ядролық бомба жарылған кезде, жойқын апат бізге дейін жететін еді деп отыр. Үйдің әйнектері дірілдеп, жер сілкінісіндей әсер бергенін айтты. 

Марина СОЛОВЬЕВА, ЗЕЙНЕТКЕР:

Біз экологиялық ахуалы нашар аймақта тұрады деген куәлікпен жүреміз. Алайда, ол көп нәрсеге жарамайды. Кейінгі буынға тіптен қиын. Кейбірі жәрдемақы да алмайды. Билік қанша жыл өтті, бәрі қалпына келді деп ойлайтын шығар. Мүлдем олай емес. Денсаулығымыз құрыған.

Бұл тақырып бүгін Мәжіліс отырысында да талқыланды. Депутат Василий Олейник Семей сынақ полигонынан зардап шеккендер мен олардың ұрпағы бүгінде 1 жарым миллионға жетті деп отыр. Ең сорақысы, бұл аумақта радиоактивті қалдықтар әлі де бар деді. Ал оны кешенді зерттеу үшін 2,6 млрд теңгеден астам қаражат қажет екенін жеткізді.

Василий ОЛЕЙНИК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "NUR OTAN" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл ең алдымен, халықты сауықтыруға, оңалтуға және басқа да әлеуметтік қорғауға бағытталады. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді.

Енді соғыс ардагерлеріне теңестірілген тұлғалардың мәртебесі белгіленеді. Бүгін өзге елдердің аумағында жауынгерлік танытқан ардагерлер мен халықаралық міндеттемелерді орындаған әскери қызметшілерді жеке санатқа бөлу ұсынылды. Оларға төленетін мемлекеттік жәрдемақының жалпы мөлшері де 367 мың теңгеге дейін өспек.

Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "NUR OTAN" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Заң жобасында Социалистік Еңбек Ерлеріне және үшінші дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлеріне 138,6 АЕК-ке дейін арнаулы мемлекеттік жәрдемақының мөлшерін  арттыру көзделген.

Сонымен бірге, енді «Дипломмен ауылға» бағдарламасына, мемлекеттік қызметшілер де қосылады. Ол жергілікті әкімдіктердегі кадрдың жетіспеушілігінен туып отыр. Жыл басында ауыл-аймақта 1068 маман тапшы болса, соның 900-ден астамы атқарушы органға қажет. Бұдан бөлек, елдімекендерді ғаламтор желісімен қамту мәселесі де өткір тұр. Осыған қатысты депутат Наринэ Микаелян қазақша сауал жолдаған еді, оған министрлік  өкілі орысша жауап берді. Бұл мәжіліс төрағасына жақпай қалды.

Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Әрине, бізде аударма бар. Осы залда отырған әрбір азаматқа қай тілде сөйлеймін десе жағдай жасалды. Бірақ, құрметті Асхат Елубайұлы, басқа ұлттың азаматы мемлекеттік тілде сұрақ қойып тұрғанда, қазақ тілінде сайрап тұрғанда, сіздің мемлекеттік тілде жауап бермегеніңіз дұрыс емес шығар деп ойлаймын. Соны ойлауымыз керек.

А. Мүтәлі