Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде «Шағала» шипажайындағы шулы оқиғадан кейін жеті адам жазаланды

  • AstanaTV
  • 11 наурыз 2020
  • 3260

Ақтөбедегі шу шыққан «Шағала» шипажайындағы жеті адам, жазаланды. Үш қызметкер жұмыстан қуылды. Тіпті бас дәрігерге қатаң сөгіс жарияланып, оның орынбасары қызметінен төмендетілді. Шипажайдағы келеңсіздіктен кейін жұмысын бастаған арнайы комиссия бүгін қорытындысын шығарды.

Тәрбиеші кішкентай баланы қолындағы затпен, аяусыз сабап жатқан бейнетүсірілімнен кейін, шипажайдың жұмысын арнайы комиссия тексерді. Емдеу мекемесінде тәрбие ісінен бастап, диагностика бойынша да едәуір кемшіліктер анықталған. Әсіресе 9 бен 11 жас аралығындағы балаларға, көмек көрсетуде бірқатар олқылықтарға жол беріліпті. Бірақ комиссия мүшелері ол кемшіліктерді жария етпеді. Тек жұмыстан кімдердің босатылғанын айтты.

Светлана ЕСЕНАМАНОВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тәрбие жұмысы меңгерушісі ол жұмысынан оныншы наурызда босатылды. Әсер еткен жайт осы жағдайды көрген балаларға тиісті психологиялық көмекті тиісті педагогикалық жұмыс атқармағанына байланысты. Оның жұмысы балдарға тиіс нәтиже бергендіктен босатылып отыр.

Одан бөлек, баланы ұрған тәрбиеші мен оның көмекшісі де жұмыстан қуылды.  Ал, емдеу мекемесінің психологы өз еркімен орнын босатқан. Шипажай қызметін тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны үшін, бас дәрігер мен оқиға куәсі болған медбикеге қатаң сөгіс жарияланған. Педогогика саласына жауапты бас дәрігердің орынбасары болса қызметінен төмендетілді.
 
Сол күні таяқтың астында қалған 10 жастағы Даниал, негізі Екібастұздың тумасы. Осыдан үш жыл бұрын анасы ата-аналық құқынан айырылғаннан кейін, оны Ақтөбеде патронаттық отбасы асырап алған. Асырап алған анасы да қайтыс болып, өткен жылдан бастап Қобда отбасы ішілік балалар үйінде тоғыз баланың бірі болып, тәрбиеленіп жатыр. Шипажайға ақпанда емделуге жіберілген. 
 
Гүлнәр ЕСЕН, ҚОБДА ОТБАСЫ ІШІЛІК БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Кішкентай бала ғой. Тап ондай бас бұзарлығы ондай мен үйде жүргенде ондай көп қатты несін байқамадым. Тентек болады одан әріге аспайды. Тыңдайды өзіміздің айтқанымызды.

Десе де, өзін ұрған тәрбиеші кешірім сұрай келгенде, ол да өзінің артық кеткенін мойындап, кешірім сұрапты. Бұл оқиғадан кейін  Даниалмен психолог мамандар жұмыс жасаған. Енді ол Қобда ауданына қайтарылады.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Осы тексерістен кейін шипажайға жергілікті бюджеттің есебінен тағы он бейнебақылау камерасын орнатылмақ. Сонымен қатар шипажай бас дәрігеріне материалдық техникалық базаны реттеп, балаларды дамытуға арналған ойыншықтар мен тәрбиелік құралдар алу міндеттелді. 

Б. Рахметова