Русский Сайттың толық нұсқасы

Атыраулықтарды жаз шықпай жатып, маса мазалап жатыр

  • AstanaTV
  • 11 наурыз 2020
  • 5156

Атырауда көпқабатты үй тұрғындары жаз келмей жатып, маса мазаны алды,- дейді. Айтуларынша, суға толы жертөленің кесірінен, қансорғыш жәндіктер тым көбейіп кеткен. Ал әкімдік масамен күреске үш айға ғана қыруар қаржы бөліпті.

Бұл- вокзал маңында тұратындардың шағымы. Күн сәл жылынса, масамен алысатынын айтады.

Марат СҮЙІНІШҚАЛИЕВ, ТҰРҒЫН:
 
Жаз шықса осы көретін күніміз. Айтылып жатыр КСК-ға да, бұрын улайтын еді. Масалар қырылып, кішкене демалып қаламыз. Ал артынан білмеймін, химикат аз қоса ма, әлде. Түтінді бұрқыратып кетеді. Солярканың иісі сияқты. Көк түтін кіре алмайсың. Бірақ нәтиже жоқ, ешқандай.

Тұрғындар, химиялық қорғаныш құралдары, әсіресе балаларға зиян тигезі ме деп қорқады. Олар жаз шықпай масаның бас көтеруін, жертөледе жиналған судан көріп отыр.   

Жанар ЖАҚСЫЛЫҚОВА, ТҰРҒЫН:
 
Балаларды шағады. Түнімен ұйықтатпайды. Тұрып өлтіріп жүреміз таңға дейін.  Оны тазалау үшін ең бірінші подвалды тазалау керек шығар тұрғын үйлердің.

Пәтер иелері кооперативі өкілдерінің сөзінше, салынғанына отыз жылдан асқан тұрғын үйдің әу- бастан ауа айналатын жері жоқ.
 
Ақмарат ЖӘКІШЕВА, «ЖӘКИШОВА» ПИК ТӨРАЙЫМЫ:
 
Арасында ЖКХдан машина сұрап, олар бізге машина бөледі, бөлінген жағдайда откачка жасаймыз. Сосын шамалы ғана жиналатын су қайдан шығып кететінін білмейміз. Но оның төлдің арасындағы дымқылдығы. Кеппей тұр. Суды алып тастасақ та дымқылдық бар.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Тұрғындар қансорғыш масалармен күрестің тезірек басталуын тілеп отыр. Жертөледен көтеріліп, подьезде топтасқан жәндіктер есік ашқан сайын пәтерге кіріп, мазаларын қашырады.

Алайда аймақта масамен күрес жұмысы әлі басталған жоқ. Әзірге тендер өтуде. Қонсорғыштармен күреске 65 миллион теңге бөлінген.

Темірлан ӘУБӘКІРОВ, АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:
 
Биылғы жылы июнь айының 30-ына дейін 3 ай мерзімге 65 млн қаражат қаралып тұр. Көп қабатты үйлердің барлығы дерлік қамтылады. Сонымен қатар елді-мекендердің орталық көшелері, сонымен қатар су, кәріз желілері атқарылады.

Әкімдіктегілердің айтуынша, қалған жарты жылдыққа тендер қайта жарияланбақ. Басшылардың тапсырмасы сол деді. Ал жаз келмей масаға таланған тұрғындар, қансорғышты жою жұмыстары үздіксіз жүргізілуін талап етіп отыр.

Б. Нәдірқызы