COVID-19 аздай, доллар да қымбаттап жұртты әбігерге салып қойғаны анық. Алайда, Үкімет мүшелері, "Баға реттеледі", деп басу айтып отыр. Жергілікті атқару органдары арнайы мониторинг жүргізіп, дүкен бағаларын реттеуді қолға алған. Себепсіз көтергендер, жазалануы мүмкін. Бұл мәселе бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында көтерілді. Парламенттегі жиынға қатысқан тілшіміздің бейнематериалы.
Мәжілістегі бүгінгі Үкімет сағаты бұрыңғыдан өзгеше. Жиналысқа келгендер түгелдей короновирусына тексерілді. Депутаттар мен министрлер және журналистер түгелдей ысытығын өлшетті.
Парламентте басқан қадамның бәрі ескерту. Қауіпті індет туралы ақпарат барлық қабырғада. Ал, кіреберісте спирт құйылған құрылғылар. Келіп-кеткендер тегіс қолын жуып отыруы керек.
Қолын спиртпен жуып, ыстығын тексертіп өткендердің арасында ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровта бар. Бірақ, министр медициналық бетпердесін портфеліне салып қойыпты.
Сапархан ОМАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:
Мәжіліске маска тағып келіп едім. Енді кейін оны депутаттардың бәрі маскасыз отырғаннан кейін кішкене маған да ыңғайсыз болды да шешіп тастадым. Бірақ портфелімде маска бар...
Сапархан Омаров байқамай қалған 3-4 депутат болды. Бетперденің ең сәндісі Аманжан Жамаловта. Бұл сурет ғаламторды шарлап кетті.
Ауыл шаруашылығы министрі COVID-19 шаруалар жұмысына қалай әсер еткенін және онымен қалай алысуға болатынын айтты. Сөзіне қарағанда, індетке бола бізде азық-түлік тапшылығы болмайды. Әлеуметтік маңызы бар 19 негізгі өнімнің 80 пайызы өзімізде өндіріледі екен.
Сапархан ОМАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:
Барлық азық-түлік түрлері бар. Керек кезінде жеткізіп береміз. Оны бүгінгі күні бұлай шу көтеруге болмайды...
Қоймада жарты жылға жететін азық-түлік қоры бар. Ол үнемі толықтырылып отырады. Өйткені, азық-түлік өндірісі тоқтаған емес. Басты мәселе бағаны тұрақты ұстап қалу.
Омархан ӨКСІКБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, NUR OTAN ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Біздің мұнайға байланыстығымыз, мұнайға тәуелділігіміз бар екендігі. Ол біздің сыртқы экономикалық айналымымызға өз әсерін тигізіп отырады.
Азық-түлік тапшылығы болмайды, ал баға реттеліп отырады. Атқарушы органдар сенім орталықтарын құрып қойған. Себепсіз баға көтерген дүкендер туралы ақпарат сонда түседі. Өндіруші кәсіпорындар да бағаны көтере алмайды. Үкімет шаруаларға қаржылай көмек көрсетпек.
Д. Мұхаммедкәрім