Русский Сайттың толық нұсқасы

ДДСҰ: Еуропада коронавирустан қаза тапқандар саны күрт өсуі мүмкін

  • AstanaTV
  • 16 наурыз 2020
  • 2457

Еуропада коронавирустан қаза тапқандар саны күрт өсуі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы осы. Мәселен күні кеше Италияда індеттен 400-ге жуық адам көз жұмды. Кәріқұрлықтың бірнеше елі шекараларын жауап, сақтық шараларын күшейтті. Әлемдегі ахуал, тілші бейнематериалында.

Туристер ағылып жататын Венеция көшелерінде бүгінгі күні тірі жан байқалмайды. Індеттен көз жұққандар саны бойынша Италия Қытайдан кейінгі екінші орынға шықты. Күні кеше 368 адам көз жұмды. Бұлай жалғасатын болса жолаушыларын тосқан қайықтар біраз уақыт бос тұрары анық.
 
Герман-француз шекарасы - Кель қаласындағы көрініс осы. Полицейлер франсуздық нөмерлі көліктерді кері қайтарып жатыр. Австрия және Швейцариямен шекарада да осыған ұқсас көрініс. Билік мұндай шешімге елде 12-ші індет жұқтырған азамат қайтыс болған соң барды. Жалпы кеселді жұқтырғандар саны 4 мыңнан асады.

Дитер ХАТТ, ГЕРМАНИЯ ПОЛИЦИЯСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Аурудың симптомдары кездескен адамдарды билік өкілдеріне хабардар етіп, кері қайтарып жатырмыз. Бұл ең бірінші өздері үшін маңызды.

Француз билігін елде вирустың тез тарап, жағдайды қиындатып жатқаны алаңдатып отыр. Дегенмен ел тұрғындарының айтылған ақыл-кеңеске құлақ түретін түрі жоқ. Париждіктер бос уақытын пайдаланып, қала көшелерімен емін-еркін серуендеп жүр.

Анук ЛАПЛЕЙС, СТУДЕНТ:

Біздің бүкіл жоспар бұзылды. Қосымша демалыс қосып берді. Бос уақыттың бәрін үйде отырып шаршадық. Өзімізге ұнағандай өмір сүре аламыз ғой...

Шекарасын жапқан елдердің қатарында Эквадор да бар. Мұнда 2 адам вирустың құрбаны болды. Ал, жергілікті тұрғындар түрлі салт жоралғыларын жасап, енді ешкім коронавирус жұқтырмайды деген сенімге бой алдырған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау мамандар болса кәріқұрлықта пандемиядан қазақ тапқандар саны әлі артады, дейді. Індет енді жеткен елдерде де жағдай қиындай түспек. 

Ә. Өмірзақ