Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда студенттерді қашықтықтан оқыту үшін тапсырмалар пошта арқылы жөнелтіле бастады

  • AstanaTV
  • 17 наурыз 2020
  • 2873

Павлодарда студенттерді қашықтықтан оқыту басталып кетті. Алыстағы ауылдарға  тапсырмалар пошта арқылы жіберіле бастады. Себебі, өңірдегі 14 ауылда интернет жоқ. Сол себептен колледждер студенттердің оқу кестесінен қалып қоймауы үшін осы әдісті пайдалануға көшкен. Қашықтықтан оқытудың «заманауи әдісі» туралы Өзгеріс Қуанар айтып береді.  

Колледж директоры алғашқы тапсырманы бекітіп, Май ауданына қарасты Қаратерек ауылына жіберді. Ал оқу ордасында 500-ге тарта студент бар. Олардың барлығы елдегі жағдайға байланысты қашықтықтан оқуға көшкен. Өкінішке қарай, кейбір елді-мекендерде интернет байланысы болмағандықтан, конвертпен тапсырма жіберуге мәжбүр.
 
Жанаргүл ҚАРАШАШОВА, С.ТОРАЙҒЫРОВ АТЫНДАҒЫ КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Сәлемдеме пошта арқылы 2-3 күнде жетеді. Жіберілген тапсырмалар студенттердің үйіне жеткен кезде бізге сәлемдеменің жеткені туралы хабарлама келіп түседі. Содан кейін студенттерден тапсырманың жауабын күтетін боламыз.

Колледж басшылығы студенттерін үйлеріне босатпас бұрын студенттің ауылында интернеттің бар-жоғы анықтап алған. Нәтижесінде 18 ізденушінің интернетке қосылуы мүмкіндігі жоқ екені анықталды. Кейбіріне байланыста қолжетімсіз. Студент Еркінбек Сейсен пошта арқылы тапсырма алып, үйінде дайындалуды қос қолына көтере қолдап отыр.  

Еркінбек СЕЙСЕН, СТУДЕНТ:

Мен Шымкент қаласы Қазығұрт ауданына тиесілі Қызылтаң ауылында тұрамын. Біздің ауылда яғни интернет желісі сеть желісі өте нашарлау болғаннан кейін, интернетке кіру барысы өте қиындау. Сол үшінде пошта арқылы оқығанда мен өте қолдаймын. Оқуымды жалғастыруға маған өте пайдалы.

Ал пошта қызметі құнын оқу орны төлейді. Яғни студенттердің қалтасына салмақ болмайды деді. Жалпы ел аумағы бойынша жатақханада тұратын 90 мыңға жуық студент бар. Оның 20 мыңы үйіне қайта алмай қалған. Оларға білім министрілігі жатақханада қалуға мүмкіндік жасапты.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:
 

Павлодар облысында 14 ауыл интернетке қосылмаған. 28 елді-мекенде әлі күнге дейін ұялы байланысы желісі жоқ. Сондықтан да, оқу орындары елдегі төтенше жағдайға байланысты амалдай тұруына тура келмек.

Ө. Қуанар