Русский Сайттың толық нұсқасы

Коронавирус тараған аймақтарда залалсыздандыру жұмыстары қарқын алды

  • AstanaTV
  • 26 наурыз 2020
  • 2532

Елде коронавирус таралған аймақтарда залалсыздандыру жұмыстары қарқын алды. Ауқымды іс-шараға қарулы күштерді биологиялық қорғау бөлімшелерінің 1500-ге жуық әскери қызметшісі жұмылдырылған. Олар күн сайын жұмыс істейді. Басты мақсат қауіпті індеттің таралуына жол бермеу. Дизинфекциялау жұмыстары қалай жүріп жатыр? Тілшіміздің репортажы.

Залалсыздандыру жұмыстары алдын ала жасалған, сызба бойынша жүргізілуде.  Қорғаныс министрлігінің дерегінше тазарту жұмыстарына 80 арнайы техника тартылған. Мамандар елдегі 12 қалада адамдар көп жиналатын орындар мен инфекцияның таралу қаупі жоғары учаскелерді бірінші кезекте зарарсыздандыруда. Ең алдымен медициналық мекемелерді, сауда орталықтарын, базарлар мен теміржол вокзалдарын, қоғамдық көлік аялдамалары дезинфекциялаймыз деп отыр.

Әскерилер арнайы жеке қорғаныш киімдерімен жұмыс істейді. Өңдеу үшін жуу құралдарын және газсыздандыру жинақтарын пайдаланады. Жауаптылар ерітінді адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз және 5 сағатқа дейін әрекет ететінін айтты.

Ал Қарағандыда қызу жұмыс темір жол және автовокзалда басталды. Арнайы топ вокзал алаңдарына хлортекті сұйықтық шашып шықты. Мамандардың айтуынша, «Рубеж» деп аталатын антибактериалдық сұйықтық бірнеше сағат бойы микробтарды жойып тұрады. Сөйтіп қауіпті вирустың таралуына жол бермейді.

Қанат ДАЙЫРОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ «АСТАНА» ӨҢІРЛІК ҚОЛБАСШЫЛЫҒЫ КОМАНДИРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл сұйықтық тек қана микробтарды жояды. Адамдарға, әскерилерге қауіп төндірмейді. Хлортекті сұйықтық. Зертханада мамандар тексерген. Біздің мақсатымыз суды молынан құйып алаңдарды жуу емес, сұйықтықты тамшылатып шашу арқылы микробтарды жою. Ол бірнеше сағат бойы өз күшін сақтайды.

Әскери бөлімдер үлкен аумақтарды да залалсыздандыруға қауқарлы. Ол үшін сұйықтық та, адам күші де жеткілікті деп отыр.

Ғ.Өтемісов