Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте қауіпсіздік шаралары күшейтілді

  • AstanaTV
  • 26 наурыз 2020
  • 2123

Шымкент карантинге жабылмайды. Мұны қала әкімі Мұрат Әйтенов тікелей эфир арқылы тұрғындарға мәлімдеді. Шаһарда бүгінгі күнге екі бірдей тұрғыннан коронавирус анықталғаны белгілі. Қалада қазір сақтық шаралары барынша күштейтілген. Тағы қандай жұмыстар жүріп жатқанын әріптесім Айзада Төребекқызы айтып береді.

Коронавирус анықталған қала іргесіндегі Жаңаталап елді мекені кешелі бері оқшауланған. Мұнда кіріп шығатындардың қатары сиреген. Вирус анықталған 24 жастағы жігіт отбасымен стационарлық бақылауда. Науқаспен қарым-қатынаста болған 2 медицина қызметкері де отбасымен, тағы бес азамат  жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр. Қазір індеттің алдын алу мақсатында қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Шымкентке кірер 12 жерге санитарлық бекеттер қойылды. Бұған дейін, теміржол вокзалы мен әуежай да бақылауға алынған. Қоғамдық орындар, сауда орталықтары мен автобустарға дейін күніне 2 рет дезинфекцияланып жатыр.

Мұрат ӘЙТЕНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:


Барлық қоғамдық орындарға бетпердемен кіру міндеттелді. Бетпердемен қамтамасыз ету үшін жергілікті кәсіпкерлермен бірге күніне 100 мыңнан астам медициналық бетперделер тігіліп, қала аумағындағы дәріханалар мен базарларға жеткізілуде. Сонымен қатар, антисептик өнімдерін шығаратын "ОРДАБАСЫ" индустриалды аймағындағы  кәсіпорын күніне  400 тонна залалсыздандыру өнімдерін шығаруда.


Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру жұмыстар жүргізілуде. Аса қажетті азық-түліктің 19 түрінің бағасын ұстап тұру үшін 3 млрд. теңгеге жуық  қаржы қаралған. Жергілікті билік, азық-түлік қоры жеткілікті. Ал баға бақылауда деген әкім алаңдауға негіз жоқ, деді. Шаһарда автобекеттердің жұмысы да толығымен тоқтатылды. Төтенше жағдай жариялануына байланысты қоғамдық көліктер бағытының 25 пайызы уақытша қысқартылған. 

Мұрат ӘЙТЕНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Ауруларды  жатқызатын 170 орындық инфекциялық стационар құрылды. Бұдан басқа, 680 орындық провизорлы және 1500-ге жуық карантиндік стационар дайындалды. Бүгінгі таңда, медицина қызметкерлері жұмысына қажетті құрал-жабдықтар мен дәрілер толығымен жеткілікті. Қажеттілік болған жағдайда бұдан басқа да бекітілген алгоритм бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Бүгінгі таңда қаланы толық карантинге жабуға негіз жоқ.

Айта кетейік, Шымкентте бүгіннен бастап балабақшалар  жұмысын уақытша тоқтатты. Халыққа қызмет көрсету орталықтары да жабылды.

А. Төребекқызы