Алдағы жексенбіден бастап, Нұр-Сұлтан мен Алматыда күшейтілген карантин режимі енгізіледі. Бұл комендаттық сағат емес. Дегенмен, көптеген адамның жүріс-тұрысына шектеу қойылады. Күшейтілген карантин режимі алдындағы бас қаланың күйі қалай? Осы сұрақпен тілшіміз көше аралап қайтты.
Жексенбіден бастап, үйден тек дәрі-дәрмек, азық-түлік алу үшін ғана көшеге шығуға рұқсат. Қашықтықтан жұмыс істеу мүмкін емес азаматтардың да жүріп тұруына болады. Ал, көпшілік үйде отыруы міндеттелмек. Ережеге бағынбағандарға айыппұл салынады немесе 15 тәулікке қамалады.
Думан МҰХАММЕДКӘРІМ, ТІЛШІ:
Қытайдан шыққан індет қанша рет «Қауіпті» деп айтылса да Елорда жұртшылығы нанбайтын сияқты. Рас. Бұрыңғыдай көлік кептелісі жоқ. Дегенмен қозғалыс бар. Ары-бері жүрген адамдар да кездеседі. Кейбірі медициналық бетперде киіп алған. Арасында мен сияқты «сенбейтіндер де» бар. Кішкентай баланікі болса да киіп жүрміз...
Ал, бүгінше қалада күнделікті күйбің тірлік. Наурыз айындағы көңіл-күй көрінбейді. Көшеде кездескендердің дені асығыс. Алайда, күшейтілген карантин режимі туралы естіген.
БЛИЦ:
- Конечно қауіпті. Өте қауіпті. Далаға шығуға болмайды. Үйде отыру керек.
- Мен үйден шыға беремін маған бәрібір. Маскамды кие беремін. Спиртімді алып аламын қолыма жағу үшін. Сол жететін шығар деп ойлаймын.
- Маска кимей-ақ я себя хорошо чувствую. Мне 65 лет.
Осы түсірілім жүріп жатқан кезде, «Әлем» сауда орталығынан суық хабар түсті. 70 жастағы әжей кенеттен көпшілік орында қайтыс болған. Рас, өтірігін анықтап көрдік.
«Әлемнің» іші-сырты полицияға толы. Әжей ет алмақ болған ет павильоны «сары лентамен» қоршалыпты. Қалған сауда орындары жұмыс істеп тұр.
Ет алуға келген әжейдің сауда орталығы ішінде қайтыс болғаны туралы ақпарат расталды. Артынан құзырлы органдардан ресми жауап түсті. Сауда орталығындағы адам өліміне COVID-19 дерітінің қатысы жоқ. Марқұм басы айналып құлаған.
Эльмира ШАУЛЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Жеке заттарын тексеру барысында бүйректің қабынуынан, гипертания мен бас ауруынан дәрілер болды. Аталған факт бойынша полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды.
1950 жылы туылған әйел адам, «Әлем» сауда орталығында бүгін түскі 12:27-де қайтыс болған. Марқұмның қалтасынан қант диабеті және бас айналғанда ішетін дәрі табылған. Диспенсерлік тіркеуде тұрыпты.
Д. Мұхаммедкәрім