Русский Сайттың толық нұсқасы

«Nur Otan» партиясы қолға алған «Біз біргеміз!» акциясы жер-жерде жалғасып жатыр

  • AstanaTV
  • 31 наурыз 2020
  • 3640

Елордада «Біз біргеміз!» акциясы аясында 3,5 мыңға жуық отбасыға гуманитарлық көмек көрсетілді. Алдағы бір аптада тағы мыңнан аса осал топтағы азаматтарға қажетті азық-түлік пен гигиеналық заттар жеткізілмек. Бұл туралы Nur Otan партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ерлан Қаналимов айтты. Қайырымдылық шарасы тек бас қалада ғана емес, өзге өңірлерде де қарқын алды.

Бас қалада қозғалыс шектелді. Алайда бұл еріктілердің белсенді жұмысына кедергі келтірмейді. Вирустан қорғану үшін арнайы киім киген олар үй-үйді аралап, қажетті бұйымдарды жеткізіп жүр.

Ерлан ҚАНАЛИМОВ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Осы жұмысқа жұмылдырылған азаматтардың барлығын арнайы био-қорғау киімдерімен қамтамасыз еттік. Себебі таратып жүрген адамдардың да денсаулығы маңызды. Сол костьюмдерді алып, кешеден бері тарату жұмыстарын тоқтатқан жоқпыз.

Қайырымдылық акциясы аймақтарда да жүйелі жалғасын тапты. Қостанай облысында сегіз жүзге жуық отбасыға көмек көрсетілген. Еріктілер көп балалы отбасыға қорғаныш құралдарын табыстады. Азық -түлік жеткізіп берді. Алты баланың анасы қиын кезеңде көрсетілген көмекке дән риза.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көмекке мұқтаж жандар мен аз қамтылған отбасылардың тізімін жасақтаған. Сол тізім бойынша бүгінге дейін 784 отбасыға жәрдем көрсетілген.

Айтөре ТҰРСЫН, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ҚОСТАНАЙ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:

 
Қазіргі таңда көп балалы отбасыларға, ардагерлерге, соғыс ардагерлері және жалғызбасты аналарға бірінші қажеттіліктегі тауарлар азық-түліктер мен антисептикалық құралдар коронвирустың алдын алу үшін жеткізіліп жатыр.

Игі іс Жамбылда да жалғасуда. Партия белсенділері бүгінге дейін өңірдегі жеті жүзге жуық отбасына көмек берген. Оның ішінде тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар мен соғыс ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар бар.

Ләззат БҮРКІТҚЫЗЫ,  ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Үлкен рақмет! Аз да болса да көмек. Біз сияқты аналар көп мүгедек бала асыраушы. Барлықтар не далаға шығып азақ түлік ала алмайды. 

Айта кетейік, игі бастама елде төтенше жағдай аяқталғанша жалғаса бермек.  Елбасының тапсырмасымен аталған шараға, Тұңғыш Президент қорынан 200 миллион теңге және "NUR OTAN" партиясы 150 млн теңге қаржы бөлген болатын.

Ғ.Өтемісов, Б.Жұмабайұлы, З.Санай