Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда коронавирус індетінен қайтыс болған науқасқа қатысты тексеріс басталды

  • AstanaTV
  • 01 сәуір 2020
  • 3568

Қарағандыда коронавирустан қаза тапқан ер адамның өліміне қатысты тексеру басталды. Бұл туралы аймақтың санитар дәрігерлері хабарлады. Айта кетейін аталған індеттен бүгін тағы бір адам бақилық болды. Ол Қарағанды облысының 62 жастағы тұрғыны. Кеселді жұқтырғандардың саны да өсті. 29 адамнан дерт анықталған. Сондай-ақ бұл кеселден тек Қостанай облысы ғана аман. Елдегі жағдайды бақылап отырған әріптесім Асылбек Данияр тақырыпты жалғастырады.

Ел ішінде "тәж" вирусыннан қайтыс болғандардың саны 3-ке жетті. Бүгін ажал құшқан азамат Қарағандының 1958 жылғы тұрғыны екені анықталды. Ол Теміртаудағы нотариустың бірінде жұмыс істепті. Шетелге шықпаған, тіпті Алматы, Нұр- Сұлтан қалаларына да бармаған. Тек Теміртау мен Қарағандының ортасында жүргені белгілі болған. Сондықтан оның вирусты қайдан жұқтырғаны белгісіз. Ауруханаға дүйсенбі күні жеткізілген. Ол кезде тыныс алу жеткіліксіздігі белгісі бар пневмания диагнозы қойылыпты.

Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Пациент жүгінген кезде бірден оқшауланған. Реанимациялық боксқа орналастырылды. Медицина қызметкерлерінің қарқынды еміне қарамстан бүгін таңертең сағат 7.10 да жүрегі тоқтады. Науқас бірден келіп түскен соң бірден коронавирусты анықтау үшін сараптамалар алынды. Ол ер адамның өлімінен кейін расталды. Бұған дейін ол ауруханаға келген жоқ.

Ал, Түркістан облысында коронавирус жұқтырған алғашқы дерек тіркелді. Анықталған науқастардың барлығы Жетісай ауданының тұрғындары. Алғашқы науқас 23 наурыз күні Нұр-Сұлтаннан пойызбен келген. Онымен байланыста болған 3 отбасының мүшесінен алынған сараптама вирус барын көрсетіпті. Олар аудандық орталық ауруханасында ем алуда. Сондай-ақ бүгін ауданға көліктердің кіріп-шығуына шектеу қойылды. 
 
Нұрбек НЫШАНОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ БАС САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІ:

Бір ошақтан төрт жағдайда науқас тіркелді Жетісай ауданынан. Одан бөлек бесінші жағдай осы Жетісай ауданының азаматы. Алматы қаласында іс-сапарда болған. Ол да келіп осындай ауруханада жатып кленикалық көрсеткіштер болған кезде, сынама алған кезде түнгі уақытта анализі расталып отыр.


Бүгін де ауру жұқтырғандардың өсу динамикасы бәсеңдемей тұр. Республика бойынша 29 жағдай расталды. Жалпы саны: 372 науқасқа жетті. Оның 91 -і шетелден келген. Елдегі эпидорталық Нұр-Сұлтанда - 184, Алматы қаласы - 84, Қызылорда облысы - 25, Ақмола мен Атырау облыстарында - 16 науқастан, Қарағанды облысы - 14. Дерттен айыққандардың саны: 26. Бүгін Алматыда ем алған 2 жастағы бала да үйіне босатылды. Бұдан бөлек, елдің бас санитарлық дәрігері - Айжан Есмағамбетова марқұмдарды жерлеу рәсіміне қатысты қаулы шығарды. Алгоритмге сәйкес, мәйітті туыстарына беруге болмайды. Жақын туыстарға ғана 3 метр қашықтықта қоштасуға 30 минут уақыт берілмек. Ал, жерлеу рәсіміне бір ғана діни қызметкер қатысады.

А. Данияр