Русский Сайттың толық нұсқасы

COVID-19-ды жұқтырған 16 науқастың жағдайы ауыр,- А. Есмағамбетова

  • AstanaTV
  • 06 сәуір 2020
  • 2602

COVID-19-ды жұқтырған 16 науқастың жағдайы ауыр. Олар негізінен Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында ем қабылдап жатқандар. Бұл туралы мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова айтты. Соңғы 2 тәулікте коронавирусқа шалдыққандардың саны күрт өскен. Өлім-жітім жағдайлары да тіркелді. Әріптесім Асылбек Данияр елдегі соңғы ақпараттармен бөліседі.

Әлемді әбіреге салған індетті жұқтырғандар мен құрбандары сағат сайын артып келеді. Елдегі ахуалда оңалар емес, бүгін 45 жағдай расталды. Нұр-Сұлтан мен Алматыда кеселге шалдыққандар 60 пайызға азайғанымен, өзге өңірлерде 20-30 пайызға артқан. Бас санитарлық дәрігердің сөзінше, дертті адамдардың 120-дан астамы өзге елден келген. 351-і науқастармен  байланыс болған, ал 131 - і ел ішінде жұқтырыпты.  Оның 45-і бала. Тіпті дертке шалдыққан дәрігерлер де көбейген.   

Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК БАС САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІ:

Бүгінгі таңда медицина қызметкерлер арасында 120 науқас тіркелді. Оның 67-сі науқастарға тікелей медициналық көмек көрсеткендер. Бір медицина қызметкерінің жағдайы ауыр, 9 адамның жағдайы орташа, қалған 57 адамда - ауру жеңіл түрде, симптомсыз өтуде.

Респблика бойынша вирус жұқтырғандардың жалпы саны: 629. Ең көп жағдай Нұр-Сұлтанда тіркелді. Мұнда -219 науқас. Ал, Алматыда - 116 адам ауруханада жатыр. Қарағанды облысында 48 науқас анықталған. Өкінішке орай 10 күннің ішінде 6 науқас қайтыс болды. Марқұмдардың барлығы бірнеше созылмалы сырқаттарымен дәрігерлердің есебінде тұрған.

Әбдіманап ТӨЛЕБАЕВ, ШЫМКЕНТ қ. ТАУАРЛАР МЕН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ ЖӘНЕ ҚАУІПСІ3ДІГІН БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Шымкент қаласында 5 сәуірде зертханалық расталған COVID-19 жағдайымен өлім-жітім жағдайы тіркелді. Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен кезден бастап  науқастың жағдайы өте ауыр болған. Жасанды желдету аппаратына қосылған. Қарқынды терапия жүргізілгендігіне қарамастан жүрегі тоқтаған.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі, күннен-күнге аты жаман кеселдің таралу қауіпті үдей түскендігін жеткізді. Бұған карантин режимін құлақ аспау себеп дейді.

Дәурен АБАЕВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ: (05.04.2020 ж.)

Қазір біз өте күрделі кезеңде тұрмыз. Вирус таралуына бақылай алмау қаупі туындап отыр. Коронавирус әсіресе жасы үлкен адамдарға қауіпті. Олардың ішінде бәріміздің атамыз бен әжеміз, әкеміз бен анамыз бар. Өзіміз үшін қорықпасақта, ең болмаса сол үлкендерімізді ойлайық.

COVID-19 пандемиясына тосқауыл болуы үшін Алматы мен Нұр-Сұлтанда жұмыссыз режим 13 сәуірге дейін ұзартылды. Індеттің өзге де өңірлерде қарқын алуына байланысты, бүгін Тараз бен Ақтөбе қалалары карантинге жабылмақ.

А. Данияр