Біз біргеміз! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың игі бастамасын елордадағы спорт қауымдастықтары да, бизнес өкілдері де қолдады. Мақсат: Төтенше жағдай кезінде үйде отырған жалғызбасты, жүріп-тұрудан қалған қарияларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету.
Нұр-Сұлтанда да егде жастағы қарияларға түскі асты тегін үлестіру науқаны басталды. Карантин уақытында ел бойынша мұндай қамқорлыққа 1500-нан астам қарт қамтылмақ. Оның 200-дейі елорда тұрғыны. Бастамаға «Nur Otan» партиясы, Nomad MMA республикалық федерациясы, Қазақстандық аралас жекпе-жек федерациясы мен «ПенчакСилат» әскери өнер қауымдастығы қолдау көрсеткен.
Асқар УМАРОВ, «ПЕНЧАК СИЛАТ» СПОРТ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
Қолдаған "Nur Otan" және қалалық әкімшілік. Ақшасы бәрі демеушілерден келген, бәрі жетерлік болып тұр. Карантин біткенше осы жалғызбасты қарт адамдарға бәріне күніге ыстық тамақ жеткіледі. Кейбіреулері жүре алмайды, кейбіреулері азық-түлігі болса да тамақ жасай алмайды.
Акцияға ат салысып жүрген 20-ға жуық ерікті санитарлық норма ережелеріне сәйкес, қорғаныш киімдерімен және басқа да құралдармен қамтамасыз етілген. Олар күн сайын қарияларға түскі асты жеткізіп отырады. Қысыл-таяң кезде қарттарды ұмытпағандарға айтар алғыс та аз емес.
Батжан МАХМЕТОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Сіздерге, ұйымдастырушыларға көп-көп рақмет! Ол кісі өзі мына жерге тұра келе алмайды. Сондықтан, мен қызы ретінде осыны алып тұрмын. Рақмет сіздерге!
Естеріңізге сала кетейік, шарапаты мол бұл шара 27 наурызда Алматыда басталған болатын. Кейіннен Қарағанды, Атырау, Көкшетау, Құлсары және Нұр-Сұлтан қалаларында да қолдау тапты.
А. Данияр