Русский Сайттың толық нұсқасы

Аустрия кәрі құрлықтағы алғашқы ел болып каратин режимін жеңілдетпек

  • AstanaTV
  • 07 сәуір 2020
  • 2131

Қытайда қаңтар айынан бері коронавирустан көз жұмған адам тіркелмеді. Денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық комиссияның мәліметі осындай. Ал АҚШ-та қаза тапқандар саны 10 мыңнан асты. Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон жансақтау бөліміне жатқызылды. Аустрия болса кәрі құрлықтағы алғашқы ел болып каратин режимін жеңілдетпек. Әлемдегі жағдай келесі бейнематериалда.

Қытайда соңғы үш айда коронавирустан өлім дерегі тіркелмеген. Аспан асты еліндегі жағдай наурыз айынан бері түзеліп келеді. Миллиард халқы бар елде, кешегі дерек бойынша вирус жұқтырған тек 32 адам тіркеліпті. Сондай-ақ олардың шетелден келгендер екені анықталған. Жалпы ем қабылдап жатқан науқастардың саны 1300-ге жуықтайды. Ал тағы бір держава АҚШ-та жағдай керісінше, үдеп барады. Көз жұмғандар саны 10 мыңнан асқан. Басым көпшілігі Нью-Йоркте. Онда қазір өкпені жасанды желдету аппараты жетіспейді.

Билл ДЕ БЛАЗИО, НЬЮ-ЙОРК ҚАЛАСЫНЫҢ МЭРІ:

Көмек қажет. Біз қазіргі дағдарысты еңсеру үшін. Медициналық қызметкерлер жетіспейді. Арнайы құрылғыларды жеткізушілер қажет.

Жапонияда да COVID-19 белең алуда. Мұнда 3500 адам кеселді жұқтырып үлгерген. 85 науқас қайтыс болды. Өзге елдермен салыстырғанда, статистика төмен болғанымен ел билігі АҚШ-тағы жағдай қайталана ма деп қорқады. Оған негіз вирус жұқтырғандар санының өсуі. Үкімет төтенше жағдай режимін енгізуді көздейді. 

Ясутака МИДЗУНО, ТОКИО АУРУХАНАСЫНЫҢ ИНФЕКЦИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ АЛДЫН АЛУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Токиодағы қазіргі жағдай Нью-Йорктегіге ұқсайды. Бірақ ол жақтағыдай келе-келе ушығып кетеді деп айтуға ерте, ықтималдығы шамамен 50%. Егер біз тиісті шараларды дер кезінде қолдансақ, жағдайды бақылауда ұстауға болады.

Аустрия болса кәрі құрлықтағы алғашқы ел болып каратин режимін жеңілдетпек. Яғни қайта қалыпты өмірге көшуді жоспарлап отыр. 1-ші мамырдан бастап, барлық дүкендер, сауда орталықтары мен шаштараздар ашылмақ.

Клемена, СТУДЕНТ:


Барлығы ретімен, яғни кезең-кезеңімен істелуі керек екенін білу үшін сарапшы болудың қажеті жоқ. Каратинді жеңілдету шаралары басталды екен деп халық дәмхана мен мейрамханаларға ағылмауы керек. Сақтық шараларын ұмытпаған жөн. Біз еркін қоғамда өмір сүргендіктен, адамдарды ұзақ уақыт қамауда ұстап отыру да мүмкін емес екені белгілі.

Коронавируспен күресте полицейлерге де оңай тиіп жатқан жоқ. Режимнің сақталуын қадағалаудан бөлек отбасылық зорлық-зомбылық та көбейген. Сондай-ақ жергілікті басылымдар ұялы байланыс операторларының мұналарын қиратып жүрген бұзақылардың пайда болғанын хабарлайды. Ал Испанияда кәсіпкер 2 млн масканы ұрлап, Португалияға апарып сатпақ болған жерінен ұсталыпты. Айта кетейік, онда қазір жағдай тіпті мүшкіл. 135 мың адам жұқтырса, 13 мыңы көз жұмды. Жалпы әлем бойынша індетті жұқтырғандар саны бүгінгі күні 1 млн 400 мыңға жуықтайды 

Ә. Өмірзақ