"COVID-19 пандемиясы кәсіпкерлерге ауыр тиді. Десе де, кәсіпорындар халыққа қол ұшын беруге дайын." "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов бүгін бізге берген сұқбатында осылай деді. Оның айтуынша, пандемия басталғалы бері бюджет 3 трлн теңге қаражаттан қағылған. Оның 350 млрд теңгесі шағын және орта бизнестен түсетін, ай сайынғы салық түсімі. Алайда, мемлекет бизнес қауымдастыққа барынша қолдау танытып отыр. Кәсіпкерлерге салық пен несие төлемінің мерзімін ұзартты.
Думан МҰХАММЕДКӘРІМ, ТІЛШІ:
Жеке кәсіпкерлерге салық, аренда, коммуналды төлемдерге 2-3 айға шегерді. Бірақ ол қарыз мойнында тұрады. Дағдарыс аяқталғанның өзінде осыны кәсіпкерлердің қалтасы көтере ала ма?
Абылай МЫРЗАХМЕТОВ, «АТАМЕКЕН» ҰКП БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Мемлекет басшысы айтып кетті. Біз 3 ай өткеннен кейін мүлдем оны алып тастау, босату. Оны да қараймыз. Бірақ асықпаңдар біз оған қарап отырмыз уақыт келгенде ондай шешім қабылданады. Оған көзіміз жетіп отыр. Сондықтан мен барлық әріптестерімді шақырамын. Уақыт келгенде босату мәселесі қаралады. Қазір оны қарауға мүмкіншілік жоқ. Біз қарап отырмыз. Барлық дамыған елдерде несиесін Мемлекет мойнына алып босатып жатыр.
Абылай Исабекұлының айтуынша, көптеген бизнесмендер осы күнде кәсіптік бағытын өзгерткен. Олар, шығынына қарамай медициналық бетперде, дәрігерлік халаттар тігіп ауруханаларға тегін таратып жүр. Қалталы ағайын күніне жүздеген млн теңге қаражат аударып, пандемиямен күреске өз үлесін қосып жатқанын айтты. «Бұл қажетті қадамдарды халық барынша қолдауы қажет және қауіпті дерттің таралуына жол бермей үйден себепсіз шықпағаны жөн», деді ол. Бұдан бөлек, "Атамекен" төрағасының пайымынша бұл дағдарыс үш айға дейін созылуы әбден мүмкін. Яғни, кәсіпкерлер кез-келген қиындыққа дайын болғаны абзал.
Д. Мұхаммедкәрім