Шымкентке сырттан індетті бар науқас кіріп жатқан жоқ. Бұл қала аумағына кіріп-шығушыларға барынша бақылаудың күшейтілуінің нәтижесі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жанындағы мониторингтік топ мүшелері осылай деді. Жұмыс тобы сондай-ақ, блок-бекеттерден құжаты жоқтар да өтіп жатыр деген сыбыстың қаншалықты рас-өтірігіне де көз жеткізді.
Бұл - Шымкенттің батыс қақпасындағы блок-бекет. Мұнда күнделікті жүзшақты көлік келіп тіреледі. Арнайы мамандар жүргізушілер мен жолаушылардың дене температурасын тексеріп қана қоймай, қалаға кіруге рұқсат қағазы бар- жоғын да тексеруде.
Түркістан бағыты арқылы қалаға кіріп-шығуға ниеттілердің қатарында жүк көліктер де, жекелеген автокөліктер де баршылық. Түске дейін-ақ отызға тарта көлік, кері қайтарылды. Өйткені рұқсат қағаздары жоқ. Полиция мен санитар дәрігерлердің жұмысы ауқымды екеніне тоқталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы мониторингтік топ кемшіліктерді де атап өтті.
Әсет ӘССӘНДИ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША АРНАЙЫ МОНИТОРИНГТІК ТОПТЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Бізге кеп жатқан мәліметтер бойынша құжаты дұрыс емес немесе құжатсыз өтіп кету фактілері бар дегеннен кейін біз осы жерге келіп отырмыз. Біздің көзімізге ондай айғақтар байқалған жоқ. Байқағанымыз кейбір санитарлардың қолдарындағы адамның дене ыстығын өлшейтін құралдарының істен шығуы ма немесе дұрыс істемеуі ма соны байқадық. Оларға ескерту айттық.
Ташкент бағытындағы тасжолда транзитті көліктердің қарасы тым көп. Жеңіл көліктегілер де аз емес. Мониторинг мамандары бекеттен тездетіп өткісі келгендердің ара қашықтықты сақтамайтынына куә болды. Бекеттегілер қанша түсіндіргенмен жолаушылардың елеп жатпағанын айтып ақталды. Дегенмен жолға шыққандардың 80 пайызын күн сайын кері қайтарып жатқандарын жеткізді.
Әсет ӘССӘНДИ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША АРНАЙЫ МОНИТОРИНГТІК ТОПТЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Жалпы мына қызмет дұрыс. Осы кісілердің арқасында шығар, Шымкентке соңғы уақытта дерт жұқтырғандар сырттан келген жоқ. Бірақ бұларға мына техникалық жабдықтау жетіспейтін сияқты. Мына алдыңғы болған блок бекетімізде де, мына блок бекетте де ғаламтор өте нашар жұмыс істеп жатыр. Осы ғаламтор жағын күшейтсе деген тілегіміз бар.
Айта кетейік, Шымкентте вирус жұқтырғандардың саны бүгін таңғы мәлімет бойынша - 31 адамға жетті. Қосылған төрт науқас бұған дейін карантинге алынғандармен байланыста болып, оқшауланғандар. Оның екеуі бала.
А. Төребекқызы