Русский Сайттың толық нұсқасы

Коронавирустық инфекция 211 медицина қызметкерінен табылды, - Л. Бюрабекова

  • AstanaTV
  • 13 сәуір 2020
  • 1928

Коронавирустық инфекция 211 медицина қызметкерінен табылды. Арасында аяғы ауыр мамандар да бар. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Бұдан бөлек, бүгін Ақмола мен Шығыс Қазақстан облыстарында өлім дерегі тіркелді. Елдегі соңғы ақпараттармен әріптесім Асылбек Данияр бөліседі.

COVID-2019-ды емдейтін дәрігерлердің арасында вирусты жұқтыру фактісі көбейіп келеді. Қазір 13 аймақтағы ақ халаттылардан дерт анықталған. Оның ішінде елордадағы Ұлттық ғылыми кардиологиялық орталықтан 8, Ұлттық онкология және трансплантология орталығынан 16, ал «Мейірім» медициналық орталығынан 7 маман тіркелген. Сондай-ақ Людмила Бюрабекова пандемия мамырда күшейетінін айтты.

Людмила БЮРАБЕКОВА - ҚР ДСМ ТКҚСҚБК ТӨРАЙЫМЫ:


Бүгінгі таңда медицина саласының 211 қызметкері коронавирус жұқтыраған. Олар науқастармен байланыста болған. Ел бойынша 34000-ға жуық дәрігер қазір карантинде жатыр. Індетке шалдыққандардың көпшілігі - Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Солтүстік Қазақстан, Атырау облыстарына тиесілі. Сонымен қатар, біздің ғылыми орталықтарымыз дайындаған болжамға сәйкес, Қазақстандағы коронавирус инфекциясының шарықтау шегі сәуір айының соңына, мамыр айының басына тұспа-тұс келуі мүмкін. Ол кезде шамамен коронавирус жұқтырғандардың саны 2 мыңға жетуі ықтимал.

Алматыда соңғы екі тәулікте кеселді 27 адам жұқтырған. Оның барлығы дәрігерлер. Қазір қаладағы  №12 орталық аурухана толық карантинге жабылған. Бүгінгі күнде инфекциялық-провизорлық ауруханаларда жұмыс істейтін 2500 астам дәрігер тестілеуден өтті.

Айзат МОЛДАҚАСЫМОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ТАУАРЛАР ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Он бірінші сәуірден бері 37 медицина қызметкерінен коронавирус анықталды.  Оның 7-еуі балалар жұқпалы аурулар аурухансында жұмыс істейді. Ал, соңғы тәулікте коронавирус жұқтырған 27 дәрігелердің 21-і әйел адам, олардың үшеуінің аяғы ауыр, ал қалған алтауы ер адам.

Сондай-ақ аты жаман індеттен бүгін тағы 2 адам құрбан болды. Оның біреуі Ақмола облысында орналасқан қарттар үйінің қамқорлығындағы 84 жастағы қария. 5 сәуірден бері Көкшетау темір жол ауруханасының провизорлық стационарында карантинде болған. Марқұмға ауыр дәрежедегі екі жақты жаппай пневмония диагнозы қойылыпты. Бұдан бөлек, басқа да созылмалы сырқаттары болған деп отыр. Екінші қайтыс болған науқас Өскемен қаласының 41 жастағы тұрғыны.

Ильяс МҰХАМЕДЖАН, ШҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


Түні бойы 2 мәрте жүрек тоқтауы анықталған. Екі мәрте реанимациялық іс-шаралар оңды болды. Өкінішке орай үшінші мәрте жүрегі тоқтаған кезде дәрігерлердің барлық күш жігерінің нәтижесі оң нәтиже бермеді. Азаматша дүниеден өтіп кетті.

Соңғы ақпараттар бойынша, ел аумағында вирус жұқтырғандардың саны 1000-ға таяды. Науқкастар көп тіркелген аймақтар: Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қызылорда облысы. Дерттен 110 адам жазылып шыққан. Оның ішінде 82 жастағы елордалық әже де бар. Ал, көз жұмғандардың жалпы саны 12ге жетті.

А. Данияр