Қорыққанға қос көрінеді. Халықтың тең жартысынан астамы коронавирус туралы осындай пікірде. Бұл туралы BISAM Central Asia әлеуметтану және маркетингтік зерттеулер Орталығының өкілдері хабарлайды. Орталық тұрғындар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізген. Пандемиядан төнген қатердің расымен де қауіпті екендігіне отандастарымыздың тек 43 пайызы ғана сенеді. Дегенмен олар биліктің індетке қарсы күресіне оң бағасын беріп отыр. Сауалнамаға қатысқандардың 72 пайызы Үкіметтің коронавирусқа қарсы шаралары нәтижелі екеніне сенімді. 80 пайызы ортақ іске ат салысуға әзір екендерін жеткізген. Наурыз айында мұндай пікірдегі адамдардың саны әлдеқайда аз болатын. Елдегі әлеуметтік жағдайды бағалаған мамандар да алаңдаушылық танытып отыр. Олардың есебінше, респонденттердің жартысына жуығы әзірге ауруға қарсы күрес шараларының зардабын көре қойған жоқ. Бүгінде халықтың төрттен бірі кәсіпорындардың жұмысы тоқтатылуына байланысты ақысыз демалысқа жіберілді. 7 пайызы толық емес жұмыс күніне ауыстырылды. Осылайша әрбір оныншы адам жұмыссыз қалды.
Е. Карин