Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде коронавирус жұқтырған науқас байланыста болған адамдарды жасырып келген

  • AstanaTV
  • 15 сәуір 2020
  • 3195

Ақтөбеде коронавирус жұқтырған науқас, байланыста болған адамдарды жасырғаны үшін жазаланбақ. Оның жауапсыздығынан бүтін бір отбасы зардап шегуде. Әуелі ауруханаға әйелі мен баласы түссе, бүгін ата-анасынан да қауіпті дерт анықталып отыр. Ал, Қостанай облысында COVID-19-дан алғашқы өлім дерегі тіркелді. Елдігі ақпаратты бақылап отырған әріптесім Асылбек Данияр тақырыпты тарқатады.

Ақтөбелік науқас наурыздың аяғында Нұрсұлтан қаласы арқылы Алматыдан үйіне  келген. Ол 1 сәуір күні қаладағы жеке емханаға барып, артынан ата-анасына кіріп шыққан. 2 сәуір күні оның індетті жұқтырғаны анықталыпты. Ұлдарының кеселге шылдыққанынан хабарсыз қариялар да, осы уақыт аралығында дүкенге барып көршілерімен қарым-қатынас орнатып үлгерген. Кеше түнде 71 жастағы әкесінің денсаулығы сыр беріп, емдеу мекемесіне жеткізіліпті. Артынша оның 75-тегі зайыбынан да COVID-19 анықталған. Бірақ неге екені белгісіз ұлы осы күнге дейін ата-анасының үйіне барғанын жасырып келген. Енді ол төрт адамға дертті жұқтырғаны үшін істі болмақ.

Әсет ҚАЛИЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Егер өзінің біле тұра эпидемиологиялық жағдайға кедергі жасап нақты айтпауы дәлелденетін болса, одан адам шығынына әкелетін болса он жылға дейін бас бостандығынан айыру мәселесі туындауы мүмкін.

Бүгін Қостанай облысында бір науқас қайтыс болды. Марқұм 1945 жылғы, ол Жітіқара қаласында тұрған. Жұбайымен бірге дене қызу көтеріліп, тыныс алуы қиындаған соң, ерлі-зайыпты жкексенбіде емхана жеткізілген.

Дудник ВЯЧЕСЛАВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ӘКІМДІГІ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

12 сәуір күні бір отбасының екі мүшесі ауруханаға жатқызылып, коронавирусқа сынама алынды. Тест нәтижесі оң болып шықты. 14 сәуір күні таңертең ер адамның жағдайы күрт нашарлады. Өкінішке орай іс-шаралар нәтиже бермей 8.30-да егде адамның жүрегі тоқтады.

15 сәуірде Алматыда коронавирустық инфекцияны жұқтырғандардың саны 380-ге жетті. Науқастардың жартысынан көбі яғни 218 адам медицина қызметкері. Сондай-ақ елордадағы қарттар үйінің бірінен вирус табылды. Ол туралы қала әкімдігі хабарлады.

15 сәуір күні таңертеңгі уақытта індетті жұқтырған 9 адам тіркелсе, сағат 12:30 деректерге сәйкес тағы 3 тұрғында коронавирус анықталды. Оның 7-уі "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығы" қызметкерлері. Қазіргі таңда барлық қызметкерлер және онда ем қабылдап жатқан азаматтардан тест сынамалары алынды.

Республика індетті жұқтырғандардың статистикасы тәулік сайын өсуде. Науқастар көп тіркелген аймақтар: Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қызылорда облысы.

А. Данияр