Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада 2 мыңға жуық медицина қызметкеріне үстемақы төленді

  • AstanaTV
  • 20 сәуір 2020
  • 2125

Елордада 2 мыңға жуық медицина маманына 10 сәуірге дейін алғашқы үстемақылары төленіпті. Бұл жөнінде қалалық қоғамдық  денсаулық сақтау басқармасының басшысы айтты. Одан бөлек күндіз-түні үй бетін көрмей жұмыс істеп жүрген дәрігерлерге қонақ үйден орын беріліп, ыстық тамақпен қамтылуда. Оларды жұмыс орнына тасмалдау үшін 50-ден астам көлік жұмылдырған. Қауіпті індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген ақ халаттылар жайлы келесі материалда.

Нұр-Сұлтан қаласындағы 1 мың 893 дәрігер атқаратын жұмысының қиындығына қарай мемлекет беретін  үстемақыны алып үлгерген. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, ақ халаттыларды қолдауға 646 миллион теңге бөлінгенін айтты. Ол мұндай үстемақы тек қауіпті індетпен күресіп жүрген мед персоналдарға ғана тағайындалатынын ескертті.

Сәуле ҚИСЫҚОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Правизорлық және карантиндік аурухананың қызметкерлеріне және біздің қалалық жедел медициналық көмек көрсету бригадасының қызметкерлеріне 1 лауазымдық жалақы көлемінде сыйақы төленді. Өздерінің алып отырған жалақсының үстіне тағы да үстемақы төленді.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеуінде COVID-19 пандемиясымен күресіп жатқан ақ халаттыларға көмек көрсету туралы тапсырма берген еді. Жұмысының қауіптілігіне қарай сала мамандарына 3 категория бойынша қаржылай көмек көрсетілетін жеткізген болатын.  

Руслан САТЫБАЛДИЕВ, "SENIM" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КӘСІПОДАҒЫНЫҢ НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫ:

Министрліктің тапсырмасы бойынша барлық қажетті шараларды дер кезінде аяқтадық. Барлық санаттағы қызметкерлерге үстемақылары үлестірілді. Әрине арыз-шағымдар да аз болған жоқ. Алайда оның бәрі қазір шешімін тапты.

Үстемақы тағайындалған бірінші топтағы медицина қызметкерлеріне 400 маман кірді. Екінші топқа 955 қызметкер, ал үшінші топқа 543 маман топтастырылған. Қоғамдық денсаулық сақтау басқарамасы өкілдері мұндай көмек төтенше жағдай режимі аяқталғанша жалғаса береді деді.

Ғ.Өтемісов