Коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны бүгін тағы көбейді. Өткен тәуліктегі жағдай бойынша өсім 8,5 пайызға артқан. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов хабарлады. Ауруханадағы 32 емделушінің жағдайы ауыр халде. Елдегі соңғы ақпараттармен әріптесім Асылбек Данияр бөліседі.
Елде COVID-19 ды жұқтыру фактісі азаймай тұр. Науқастардың көбею динамикасы Алматы, Шымкент қалалары мен Қызылорда облысында байқалады. Денсаулық сақтау министрі Шымкент қаласында вирус анықталған 23 адамның 16-сы Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері екенін жеткізді. Сондай-ақ ауырып жатқандардың арасында 100-ге жуық бала бар екенін айтты.
Елжан БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Алматы қаласы бойынша 82 науқастың 78-і жоспарланған скиринг тесттің негізінде анықталды. Олардың 60-сы орталық клиникалық аурухананың ішіндегі науқастар мен медициналық қызметкерлер.
Алматыды ем қабылдап жатқандардың тең жартысы яғни 368 науқас медицина қызметкері. Мұны Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы да растады. Сала мамандарынан коронавирусқа алынған тест нәтижесі оң нәтиже көрсеткен.
Тілеухан ӘБІЛДАЕВ, АЛМАТЫ қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бүгінгі таңда орталық клиникалық ауруханада 293 медицина маманы емделуде. Тағы да науқастар тіркеліп отыр. Ол ауруханада негізінен коронавирусқа күдіктілер де жатқызылған. Орталық клиникалық аурухананың қызметкерлері мен пациенттеріне КВИ, жедел респираторлы вирустық инфекциямен, пневмониямен ауыратын науқастардың бірінен жұққан.
Республика бойынша COVID-19 жұқтырғандардың саны 2000-ға таяды. Алматы қаласында 670-ке жуықтады. Нұр-Сұлтан қаласы - 390, Қызылорда облысы - 151, Шымкент қаласы - 103, Қарағанды облысы - 101 науқас тіркелді. Жазылып шыққандар 480-ге жуық. Өкінішке орай 19 адам індеттен қайтыс болды.
А. Данияр