Мұнай бағасы күн өткен сайын арзандап барады. Бүгін қара алтынның әр баррелі 17 доллардан да төмендеп кетті. Мұндай көрсеткіш соңғы рет 2001 жылы тіркелген еді, деп хабарлайды Рейтерс. Францияның қаржы министрі мұнай бағасы құлдыраса, жаһандық экономикаға да тықыр таянады деп алаңдаушылық білдірді. Ол қазіргі қиын кезең барлық мемлекетке салмақ салып отыр, деді.
Бруно ЛЕ МЕР, ФРАНЦИЯНЫҢ ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
Бұл экономикалық дағдарыс 1929 жылғы Ұлы дағдарыстан кейінгі ең ауыр кезең болайын деп тұр. Коронавирус пандемиясынан кейін экономика түгелдей тоқтап қалды. Дағдарыс жер бетіндегі барлық мемлекетті түгел шарпып, зиянын тигізді.
Ал АҚШ мұнай бағасын тұрақтандыру үшін, Америка экономикасына жол ашу керектігін айтады. Бірақ пандемия өршігенін ескерсек, бұл да мүмкін болмай отыр. Сауд Арабиясы болса, қосымша шараларға кірісетінін жария етті. Арабтар ОПЕК+ келісімінің шеңберінде Ресеймен бірге өндірісті қысқартпақ. Қазір ресейлік Urals мұнайының бағасы 10 долларға да жетпейді. Айта кетелік, 20 сәуірде техастық WTI мұнайы да минусқа кетті. Осылайша тарихта болмаған оқиға орын алды.
Е. Карин