Республикалық "Біргеміз" қорынан қаржылай көмек алғандар, Алматы қаласында 23 мың 500- ге жуықтайды. Қарағанды облысында 14 мыңдай, ал Павлодар облысында 8 мыңнан асса адам қаржылай көмекке іліккен. 50 мың теңге - бес санаттағы әлеуметке тағайындалған. Негізінен аз қамтылған көп балалы отбасылар, мүгедек бала асырап отырғандар, бірінші топтағы мүгедектер, ең төменгі зейнетақы алатындар мен тұл жетімдер. Жалпы, ел аумағында 153 мыңға жуық қазақстандық қаржылай көмекті алған.
Көп балалы ана Виктория Арыстанова жуырда "Біргеміз" қорынан 50 мың теңге алғандардың бірі. Өзі бала күтемімен үйде отыр, ал отағасы қала карантинге жабылғалы жұмыссыз қалған. Қазір бұл отбасы үшін қандай көмек болса да артық етпейді. Отанасы қор берген қаржы дер кезінде келген көмек болды дейді.
Виктория АРЫСТАНОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Баламның қолы сынып, еміне қаражат таппай қиналдық. 50 мың теңге көлемінде көмек берілетінін айтқанда қатты қуандым. Өйткені, ақшаны қайдан табам деп басып қатқан еді. Жәрдемақының түсуіне де біраз уақыт бар болатын. Ал жолдасым болса, жұмыссыз қалды. Баршаңызға аналық алғысымды айтамын.
Қарағандылық зейнеткер Шайза Оспанова да аталған қаражат алатындардың тізіміне іліккен. Кезінде Семей полигонының зардабын шеккен қария 50 мың теңгеге дәрі - дәрмекке жұмсауды жоспарлап отыр.
Шайза ОСПАНОВА, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Полигонда взрыв жасағанда біз оны көрдік. Соның жанында жүрдік. Ал қазір последствие қалай? Соның бәрі қалды. Мынандай қиын жағдайда бізге пенсионерді, инвалидтарды ұмытпай бізге мынандай көмек беріп жатқанына өте көп рахмет.
Мүгедек қызына күтім жасап жүрген алматылық Назым Смағұлова да қор бөлген қаражатқа ие болған. Ол 50 мың теңгеге керек-жарағымызда алдық деп отыр.
Назым СМАҒҰЛОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Президентіміздің тарапынан, Елбасының тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер өте дұрыс нәрсе,- деп ойлаймын. Көп балалы аналарға, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған аналарға «Nur Otan» партиясы атынан азық-түліктер, антисептиктер, жаңағы 50 мың теңгеден көмек беріп отыр.
Айта кетейік, «Біргеміз» республикалық қоры Елбасының бастамасымен құрылған. Қомақты қаржы COVID-19 пандемиясының кесірінен қиындыққа тап болған отбасыларды қолдауға бағытталды. Қаражат негізінен елдегі кәсіпкерлердің, қайырымды жандар есебінен жиналды.
А. Қуаш, Ө. Қуанар, А. Кемелжан