Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайда карантин тәртібі қосымшамен қадағаланады

  • AstanaTV
  • 29 сәуір 2020
  • 2669

Қостанай облысында үйдегі карантин тәртібін бұзған 200 -ден астам азамат тың тәсілмен анықталды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Аймақ мамандары оқшаулану тәртібін қашықтықтан қадағалауды қолға алған. Жуырда іске қосылған жаңа жүйе - "Мен үйдегі карантиндемін" мобилдік қосымшасы жайлы әріптесім әңгімелейді.

Әуелі оқшауланған жанның келісімімен, оның ұялы телефоны бақылау орталығына қосылады. Осыдан кейін үйде жатқан адамның қозғалысы жіті қадағалауға алынбақ. Үй карантиніндегі адам тәртіп бұзбаса мониторда жасыл белгі жанып тұрады. Ал шектеулі аумақтан шықса немесе телефонын өшірсе мониторда қызыл белгі пайда болады. Дәрігерлер дереу оның себебін анықтауға кіріседі.

Әнуар ЕДІРЕСОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
 
Қызыл белгі жанғанда, оператор оның үстінен басады. Сол кезде карантиндегі азаматтың мекен жайы мен телефоны шығады. Сосын біздің қызметкер оған қоңырау шалып жағдайды біледі. Егер ол телефонын көтермесе, өшіріп қойса немесе талапқа бағынбаса - онда полиция депараментіне хабарлаймыз. Әрі қарай тәртіп бұзушымен - құқық қорғаушылар айналысады.

Жаңа жүйе цифрландыру бағдарламасы бойынша әзірленген. Мақсат - үй карантиніне жіберілген азаматтарды қадағалау. Мобилдік қосымшаның жұмысын, медицина колледжінде орналасқан 22 маман жүзеге асырады. Арнайы топ қаладағы емханалардың медициналық қызметкерлерінен жасақталыпты.Тың тәсілмен 200 -ден астам азаматтың карантин тәртібін бұзғаны анықталыпты. Айта кетейік, аймақ бойынша 1700-ге жуық адамға үй карантині белгіленген. Соңғы мәлімет бойынша өңірде COVID-19 індетінен 45 адам емделіп жатыр.

З. Санай