Русский Сайттың толық нұсқасы

Тараз қаласының тұрғындары жол азабын тартып келеді

  • AstanaTV
  • 30 сәуір 2020
  • 4308

Тараз қаласының тұрғындары жол азабын тартып келеді. Олар шенділердің назарын аударту үшін бүгін карантинге қарамастан көшеге шықты. Айтуларынша 50 жылда ел жаңарса да, көшелеріміз мүлде жөндеу көрмеді деп отыр. Тастақ алқабынадағы  тұрғындардың жанайқайын әріптесім жеткізеді.

Күлзахира Сұраншиева мұнда келін болып түскелі, батпақ кешумен келеді екен. Әсіресе жауында белден батқаннан соң, көршілер ортадан ақша шығарып шағал төсеуден де шаршаған. Ал шаһарға қанша әкім келсе де, құлақ асар жан таппағандарына күйінеді.

Күлзахира СҰРАНШИЕВА, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл жерге бар ғой мен 74 жылы келін болып түскем. Содан бері осы батпақты кешіп келе жатырмыз. Уже 46 жыл болды ғой батпақ кешкенімізге. Айтамыз, айтамыз жылда обещать етеді. Жылда келесі жылы келесі жылы дей береді.

Оразбек ӨСКЕНБАЕВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біреулер айтады бұның ақшасын жеп қойған. Бұл қағаз жүзінде асфальталып қойған деп. Ондай да сыбыс бар.

Бұқараның базынасына жергілікті билік бас қатырғысы келмейтін сыңайлы. Әкім орынбасары жиналғандардың алдына келгенімен, мәселенің қашан шешілетінін айта алмады.
 
Асхат ЕСЕНӘЛИЕВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Мен осы жерге мың рет келгем, мына көкеммен жұмыс жасағанмын. Жақсы білем Талчоктың жағдайын. Енді мына мәселені карантин кезінде көтеретін мәселе емес қой. Жалғыз сіздерде емес қой қалада проблема жетеді. Сіздердікі кезекте тұр, кезең-кезеңімен жасалынады.

Әкімдік өкілі бұл жерге мәселені шешу үшін емес, топтасқан тұрғындарды таратуға келген. Тәртіпке бағынған базыналы жұрт төтенше жағдай аяқталысымен жолдың мәселесін қайта көтереміз деп тарқасты. 

Б. Жұмабайұлы