Русский Сайттың толық нұсқасы

Төтенше жағдай кезінде 1,5 миллион адамның қарызы кейінге шегерілді

  • AstanaTV
  • 30 сәуір 2020
  • 4269

Төтенше жағдай кезінде 1,5 миллионнан астам қазақстандықтың несие төлемі кейінге шегерілді. Бұл дағдарысқа қарсы шаралардың бірі болатын. Пандемияға байланысты табысын жоғалтқан барлық адамның өтініші мақұлданған. Қарызын өтеуге қиналғандар қатарында ипотекаға үй сатып алғандар да бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, банктерге төтенше жағдай кезінде халыққа қарайласуды тапсырған еді. Дағдарыстан зардап шеккендердің несиесін тоқтата тұруға жағдай жасалса деді. Екінші деңгейлі банктердің қосымша төлемдер мен пайыздарды өндіріп алмауын мемлекет басшысы өзі қадағалайтынын да жеткізген еді.

Наргиз ОМАРОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Банктер өз міндетін жақсы атқарып жатыр. Мен алғашында қарызымды қалай төлерімді білмей қатты алаңдадым. Қазір қорқынышым сейілді. Әсіресе Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өкілдеріне алғысым шексіз. Ипотекамды ешқандай қосымша ақысыз үш айға ұзартып берді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттік өкілдері 1,5 миллионнан астам адамның қарызы шегерілгенін айтты. Шегерілген қаржы сомасы 237 миллиард теңгені құраған. Қарызы кейінге қалдырылған 300 мыңға жуық адам осал топтағы азаматтар қатарында. 10 мыңнан астамы шағын және орта бизнес субьектілері

Індеттің таралуы ең алдымен ипотека алғандарға қиындық туғызғаны жасырын емес. Төлем пайызы жоғары, әрі баспанадан айрылып қалу қаупі күшейген. Алайда халықтың толқуы тез басылды. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 20 мыңнан астам салымшының төлемін кейінге қалдырыпты. Сондай-ақ азаматтар өз өтініштерін онлайн тапсыруға да мүмкіндік жасалған.

Ләззат ИБРАГИМОВА, "ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫС ЖИНАҚ БАНКІ" АҚ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ»:

Төлемді кейінге қалдырған азаматтар үшін ешқандай пайыз қосылмайды. Төтенше жағдай аяқталғаннан кейін төлем бұрыңғыша төлене береді. 16 наурыздан 16 маусымға дейінгі кезеңде айыппұлдар мен өсімақылар есептелмейді. Клиент мерзімін кейінге қалдыруға өтініш берсе де, бермесе де ешкімге ондай жаза қаралмайды.

Дағдарысқа қарсы мұндай шаралардың мақсаты - қарапайым азаматтарға қамқорлық жасау. Ел азаматтарын қолдау ең басты орында.

Ғ. Өтемісов