Тасқын судан зардап шеккен мақтааралдықтардың шығыны өтеледі. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігі хабарлайды. Техногендік төтенше жағдай жарияланған ауданда су басу қаупі әлі де сейілмей тұр. Су әлі келіп жатыр. Айта кетейін 1-мамыр күні Өзбекстан еліндегі Сардоба су қоймасы жарылып, көрші елмен қоса біздің елге де су жайылған болатын.
Мақтаарал ауданындағы Жеңіс пен Жаңа тұрмыс елді-мекендері бір түнде тасқын судың ортасында қалып қойды. Қызыл судың тереңдігі сонша, кейбір жерде топан су ересек адамның кеуде тұсына дейін жетті.
Өзбектандағы Сардоба су қоймасы жарылғаны туралы бейнежазбалар 1-мамырдың таңында тараған еді. Тасқын су кешке қарай шекараға жақын орналасқан Түркістан облысына ауылдарға да жайыла бастады. Бүгінгі мәлімет бойынша ауданда 31 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланған. Қауіпсіз аймаққа шығарылған тұрғындардың дені мектептерге жайғастырылыпты.
Серік ТӨЛЕУБАЕВ, ЖЕҢІС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бұл бір апат болды ауылға келген. Өзі коронавирус болып жатыр еді ешжаққа шыға алмай, мынау оның үстіне тағы да жығылған үстіне жұдырық дегендей. Оның үстіне мынау енді қазір ауылды су басып жатыр.
Темірлан ЖҰМАШЕВ, ЖЕҢІС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Өзбекстан мен Қазақстанның ортасында шекараның бойында үлкен арық бар канал, сол арықтан ағып Айдаркөлге құятын су бізге қарап шықты ғой ар жақтан, олар Өзбекстанның су қоймасы ғой, сол жарылған содан бізге қарап ұрып кетті. Ауылда үйлер қирады бірәз, көптеген бірталай үй қирады. Мал қырылды.
Негізгі күн көріс егістік болып табылатын ауданда 3 жарым мыңнан астам алқаптағы дақыл су астында қалған. Оның 85 пайызы мақталы алқап. Ауыл шаруашылығы басқармасының болжамына сай қазіргі шығын мөлшері 400 млн теңгенің үстінде. Мақтарал ауданында 14 елді мекен дәл қазір қауіпті аймақта орналасқан. Соның бесеуі судың ортасында қалып қойды. Ұзын саны 631 тұрғын үй бел ортасынан суда тұр. Қауіпті сейілту үшін жан жақтан жиылған еріктілер мен ауыл азаматтары қолдан бөгет жасады.
Сәкен ҚАЛҚАМАНОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жаңа тұрмыс, Жеңіс, Фирдауси, Өргебас, Достық ауылдары су астында қалса, қалған елді мекендерді облыстық әкімдігі, облыстық төтенше жағдайлар департаменті ҚазСушар және ауыл тұрғындарынан құралған волонтерлердің көмегімен су басу қаупінен шығарылды. Соның ішінде атап өтетін стратегиялық ерекше 14 мыңнан астам халқы бар Мырзакент елдімекені қызыл су басудан аман алып қалдық.
Айта кетейік, мақтаралдықтарға көмек ретінде көршілес аудандар мен Жамбыл облысынан да гуманитарлық көмек келіп жатыр. Арнайы қор да құрылды. Бірақ Өзбекстаннан су әлі келіп жатыр. Түркістан облысының әкімі төтенше жағдайдың жайын шешу үшін Өзбекстанға аттанған болатын.
А. Төребекқызы