Үндістанда карантин режимі 25 мамырға дейін ұзартылды. Індетті жұқтырғандар саны күніне 2 мың адамға дейін өскен соң, билік осындай қадамға барып отыр. Үнді елінде де төтенше жағдай экономикаға айтарлықтай салмақ салды. Тіпті алкоголь өнімдеріне салықты 70 пайызға дейін арттырған. Үкімет бұл арқылы қаржылық шығынды азайтуды көздейді. Миллиардтан астам халқы бар кедей ел қауіпті індеттің таралуын қалай тежеп отыр? Бұл сауалға жауапты тілшіміз іздеп көрді.
Елдегі аптап ыстық пен халықтың тығыз орналасуы, вирустың тез таралуына таптырмайтын жағдай. Алайда милиардтан астам халқы бар Үнді елі еуропалықтарға қарағанда короновирустың таралуын барынша тежеп отыр. Қазір мұнда індетті жұқтырғандара 40 мыңға жуықтайды. Бұл Еуропа елдерімен салыстырғанда біршама төмен көрсеткіш. Себебі Италия мен Испанияда COVID-19 ілмегіне ілінгендердің саны 150 мыңнан асып жығылады.
Кейбір сарапшылар билік мыңдаған өлім-жітімді күтпестен, дер кезінде карантин жариялағанын айтады. Мұнда төтенше жағдай 24 наурызда жарияланған болатын. Өзге елдер сияқты Үндістанда да кәсіпорындар жұмысы тоқтап, барлық дүкендер жабылған. Ал жұмыс істейтін мекемелер санитарлық ережелерді сақтауға міндетті.
Сарфараз ХАН, ДҮКЕН ИЕСІ:
Егер тұтынушының дене қызуы жоғары болса, онда біз оларға ештеңе сатпаймыз. Біз клиенттерді тексереміз. Сондай-ақ, ара қашықтықты барынша сақтауын қадағалаймыз. Мұнда адам өте көп болғандықтан, сақтық шаралары аса маңызды.
Тәртіпке бағынған құл болмас. Полицейлер құқықбұзушыларға қатаң шаралар қолданады. Шоқпармен ұрып, тіпті көзден жас ағызатын газды да қолдануға құзырлы орындарға рұқсат берілген. Бір қызығы кейбір азаматтарды жазалау үшін оларға отырып-тұру жаттығуын да жасататын көрінеді.
Індетпен күрес ел экономикасын төмендетіп жіберген. Экономистердің пайымынша карантиндегі бір күнде 4,5 миллион доллардан астам шығын келеді. Көп азаматтар жалғыз табысынан айрылып отыр. Сарапшылар әсіресе жұмысқа ресми тіркелмегендердің тығырыққа тірелгенін айтады.
Біз жеке жұмыс орындары тұрақты емес екенін түсіндік, сондықтан көптеген студенттер жұмыс іздеп мемлекеттік құрылымдарға жүгінеді, өйткені онда қандай да бір тұрақтылық бар. Әрі жұмыстан себепсіз шығара да алмайды.
Бұған қарамастан, спирт алуға ағылған жұрттың кезегі де азайар емес. Мұны көпшілік уақыт өткізумен түсіндіреді. Сондықтан ел үкіметі халықтың жаппай жиналуына жол бермеу үшін ащы сусындарға салықты 70%-ға көтеріп жіберген.
ДЕЛИ ТҰРҒЫНЫ:
Біз бұған қарсы емеспіз. Бұған дейін де алкогольді сатып алып жүрдік. Тіпті бөтелке үшін 26 доллар төлеуге тура келеді. Амал жоқ алуға мәжбүрміз.
Сарапшылар карантин режимін ұзарту тиімді шешім деп отыр. Олардың пікірінше қатаң шаралар болмаса, елде 150 миллионнан астам адам ауруға шалдығуы мүмкін еді. Алайда арқаны кеңге салуға әлі ерте. Ғалымдар қауіпті індеттің 2-ші, тіпті 3-ші толқыны жүруі мүмкін екенін болжап отыр.
Лотар ВИЛЕР, «РОБЕРТ КОХА» АТЫНДАҒЫ ВИРУСОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ (ГЕРМАНИЯ):
Инфекция таралуының екінші және үшінші толқыны болатынын сарапшылар растап отыр. Мұны анықтау үшін көптеген сараптама жасадық. Қазіргі уақытта арақашықтықты сақтау вируспен күресте ең ұтымды тәсіл екенін ұмытпаған жөн.
Үндістанда карантин 25 мамырға дейін ұзартылды. Үкімет жағдайдың нашарлағанын күтпестен осындай шешім қабылдады. Оның үстіне коронавирустан құтылу жолын әзірге ешкім тапқан жоқ. Елдегі ахуалдың алда қалай өрбитіні әзір ешкім дөп басып айта алмайды.
Ғ. Өтемісов