Русский Сайттың толық нұсқасы

Отандық құс еті мен жұмыртқа Қытайға экспортталмай қалуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 02 қазан 2017
  • 2979

Ауыл шаруашылығы министрлігінің келер жылдан бастап отандық құс еті мен жұмыртқаны Қытайға экспорттаймыз деген жоспары іске аспауы мүмкін. Бұл туралы біздің арнаға Қазақстан құс өсірушілер одағының өкілдері айтты. Ұйым басшысы Руслан Шариповтың пікірінше, Аспан асты елі, Қазақстан бізге өз нарығын ашса ғана, экспортты қабылдаймыз, деген шарт қойған. Ал "Қытайдың құс етін кіргіздік деген, құс тұмауы енді деген сөз",- дейді маман.

Руслан Шарипов, Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті:

Ауыл шаруашылығы министрлігінен де, біздің тарапымыздан да ешбір кедергі жасалып жатқан жоқ. Яғни біз өнімді Қытайға жеткізуге дайынбыз. Бірақ олар біз сіздерге ашамыз, сендер де бізге нарықтарыңды ашыңдар дейді. Мен өзім мал дәрігерімін, Қытай біз үшін жабық. Он жылдай болды, құс тұмауы болғандықтан, олар бізге өнімдерін кіргізе алмайды.

Руслан Шариповтың айтуынша, отандық құс өсірушілердің тағы бір проблемасы - мемлекеттік субсидияға қол жеткізе алмай отыр. Жылдық қолдау қаржы 10 миллиард теңгеден асады деп жоспарланған. Алайда қаржыны бөлу жағын аймақтарға берген соң, бұл сома қысқарды, - дейді мамандар. Бүгінде Қазақстан өндіріліп отырған жұмыртқаның 10-20 пайызын Қытайға жеткізе алады. Биыл оның мөлшері 5 миллиард жұмыртқа көлемінде күтіліп отыр. Алайда кейбір кәсіпкерлер Қытайдың құс еті қауіпті деген пікірмен келіспейді. Нарықты ашу керек деген ойда.

Александр Прядко, СҚО құс фабрикасының директоры:

Арнайы ветеринарлық, санэпидемиологиялық шаралар бар. Олар құс тұмауынан және өзге де қатерден қорғай алады. Сондықтан осындай жағымсыз жайттерді болдырмас үшін, саланы дамыту керек. Сонда ғана әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті бола аламыз.

Айгүл ӘДЕПБАЙ