Русский Сайттың толық нұсқасы

Тар көшеде баланы басып кеткен көлік жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды

  • AstanaTV
  • 11 мамыр 2020
  • 2975

Алматыда тар көшеде бүлдіршінді басып кеткен көлік жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қас-қағым сәтте болған, жағдай Түрксіб ауданындағы жеке тұрғын үйлердің аумағында тіркелген. Жантүршігерлік оқиға көршінің бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Мына кадрлар кешелі-бері ғаламторда жылдам тарады. Қайғылы жағдай жеке үйге қойылған бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Бейқам ойнап жүрген 2 жастағы қыз бала, кенеттен жолға жүгіріп шығады. Оны іле-шала жеңіл көлік таптап өтеді.

Аршын КЕМЕЛЖАН, ТІЛШІ:

Қайғылы оқиға орын алған Ғанибет көшесі немесе жалпы осы ықшам аудан жеке тұрғын үйлерден тұрады. Жергілікті жұрттың айтуынша, тар көшелердің ешқайсысында жылдамдық шектеуі жоқ. Сондықтан жүргізушілер жылдамдық асырады, дейді.

Полицияның дерегінше көлік тізгіндеген Қарасай ауданының тумасы. 1989 жылғы жүргізушіге қатысты қазір қылмыстық іс қозғалған.  Көлік жүргізушінің жылдамдықты асырғаны анықталса, ол 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Аталмыш дерек ҚК 345 бабы, 3 тармағы бойынша тіркеліп, қазіргі уақытта полиция департаментіне қарасты анықтау басқармасымен тергеу амалдары басталып кетті. Тиісті сараптамалар тағайындалып, іс бойынша нәтижелі шешім шығарылатын болады.

Полиция карантин кезінде қаладағы жол көлік оқиғасы төрт есеге азайғанын айтты. Одан мерт болатындардың көрсеткіші 75 пайызға төмендепті. Дегенмен Ғанибет көшесінің тұрғындары, тар жолдан өтетін көліктердің жылдамдығын шектеуді сұрайды.

Айгүл ТЕЛЕМІСОВА, ТҰРҒЫН:

Біз жеке тұрғын үйде тұрамыз. Барлық балалар көшедей ойнайды. Карантин кезінде басқа қайда барады? Біздің қақпа мен жолдың арасы бір метр. Жүргізушілер жылдамдықты сақтамайды, сондықтан да осындай жағдай болады. Мұнда балалар қараусыз жүрмейді. Сонда да көшелерге жылдамдықты шектейтін белгілер қою керек.

Жол қозғалысы ережелеріне сай бұл көшедегі жылдамдық сағатына 60 шақырым,- деді Салтанат Әзірбек. Ал күдіктінің сол сәтте қанша жылдамдықпен жүйткігені әзір белгісіз екенін айтты. Дегенмен карантин кезінде балалардың қауіпсіздігіне ата-ана жауапты деді. 
 
А. Кемелжан