Құмар ойынға салынып кеткен азаматты ойыннан шектеу үшін ставкаларды есепке алу орталығы құрылады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді. Мәселен адам құмар ойынға түсіп кеткенін түсінсе, арыз жазып, өзін-өзі шектей алады. Немесе жақындары сотқа арызданып, анықтама ала алады. Кейін ол азамат ешбір казиноға кіре алмайды, ешқандай ұтыс ойынына қатыса алмайды. Толығырақ, Әлішер Өмірзақ жалғастырады.
Құмар ойынға салынып кеткен азаматтардың санын азайту мәселесі Мәжілісте қаралды. Дүниежүзілік денсаулық ұйымы оларды лудоманияға душар болғандар дейді. Біздің елде де бұл- ресми ауру деп танылған. Қазіргі заң оларды қалыпты өмірге қайтаруға қауһарсыз. Жаңа құжатта оларды туыстары арқылы казино маңына жолатпау тетігі қарастырылған.
Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА, ҚР МƏДЕНИЕТ ЖƏНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:
Адам құмар ойынға түсіп кеткенін түсінсе, арыз жазып, өзін-өзі шектей алады. Немесе туыстарының өтініші бойынша сот оларды әрекет қабілеті шектеулі деп тануы тиіс. Ол анықтаманы алған азамат кейін ешбір казиноға кіре алмайды, ешқандай ұтыс ойынына қатыса алмайды.
Мәжіліс төрағасы болса бизнестің осы түрін реттеу тетіктері ескергенін айтып, жаңасының оң тұстарына тоқталды.
Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Елімізде бизнестің осы түрі жабылмайды, оны реттеу тетіктері ескерілген. Сәйкесінше, халықаралық нормаларға сай келтіріліп отыр. Кейбір елдерде осы қызметтерге мүлдем тыйым салынған. Екіншіден, ставкаларды есепке алу орталығын құру нәтижесінде салықты әкімшілендірудің тиісті қадамдары есебінен бюджет кірістері төмендемейді. Атап айтқанда, салық органдары тарапынан нақты бақылау шаралары ескерілген.
Сондай-ақ Қазақстанда букмекерлік кеңселер тек спорттық ойындарға ғана ставкалар қабылдауға міндеттеледі. Яғни виртуалды футбол, хоккей, баскетбол, теннис, автожарыс секілді ойындар.
Ә. Өмірзақ