Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжар өңіріндегі Бәйтерек ауылының мешіті демеушілерге жарымай отыр

  • AstanaTV
  • 02 қазан 2017
  • 4341

Солтүстік Қазақстандағы Бәйтерек ауылында мешіт құрылысы тұралап қалды. Бұл елді мекенге 2009 жылы шетелден оралған қандастарымыз мемлекеттік бағдарлама аясында қоныстанған. Артынша жұрт мешіт тұрғызуға ниет білдірді. Тек қолдың қысқалығы ғибадат үйінің тез арада бой көтеруіне кедергі болуда. Ауыл белсенділерінің мұңын тілшіміз Абзал Құрманкин тыңдап қайтты.

Бәйтерек ауылында оралмандарға арнап баспана, мектеп пен балабақша бой көтерген. Жаңадан құрылған елді мекенде ауызбіршілік орнауы үшін, ауыл ақсақалдары мешіт тұрғызу бастамасын алға тартады. Олардың айтуынша, игі істі қолдаған жамағат ескі үйлерді бұзып, сау материалдарды жинай бастаған. Ал 2013 жылы өңірдің бұрынғы басшысы өз атынан 5 миллион теңге тарту етеді. Осылай құрылысқа қан жүгіреді.

Қайролла Сүлейменов, Бәйтерек ауылының тұрғыны:

Осы жерде істей бастады әлгілер. Қабырғасын көтеріп қойғаннан кейін, ақшаларың бітті, деді. Ойлаймыз, мынау 5 миллион әжептәуір ақша ғой, аз ғой мынау жұмыстарың. Жоқ, ақшаларың жоқ, деді.

Құрылысшылардың ісіне көңілі толмаған жұрт арнайы сараптама жасатып, қаражаттың дұрыс игерілмегенін дәлелдеген. Кейін жауапты мекеме 1,2 миллион теңгені қайтарып береді. Шатырды аяқтау үшін әкімдік өкілдері басқа мердігерлерді ұсынған екен.

Қабдреш Рақаев, Бәйтерек ауылының тұрғыны:

Район әкімдігі бізге ТОО «Миг» деген мердігерді жалдады. Сол 1,2 миллион теңгені сол мердігердің шотына аудардық. Одан кейін ТОО «Миг» бізге метал каркасты істеп берді. Сонымен олар да тоқтап қалды. Банкрот болдық, шоттарыңыз жабылды, кейін жұмыс істей алмаймыз, деп.

Алла үйінің аңғал-саңғал кейпінен шаршаған жұрт садақаға берілген қаражатты жинап, төбедегі тесікті өз күшімен жамап тастады. Кейін мешіт алаңы қайтадан жым-жырт болды. Әкімдіктегілер ғибадатханаға тікелей демеуші бола алмайтынын айтады. Себебі, мешіт құрылысына бюджеттен қаражат бөлу заңда қарастырылмаған.

Жанар Ақылбекова, СҚО Қызылжар ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы:

Біз ақпараттандыру жұмысымен бірнеше рет айналысқанбыз. Аудандық газеттерде, жергілікті телеарналарда мешітке көмек қажет екені жарияланған. Материалдай болсын, қаржылай болсын. Меніңше, тұрғындар демеушіні өздері іздеу керек. Ал біз қолымыздан келгенше көмек бердік.

Белгілі болғандай, мешіттің жобалық-сметалық құжаттамасы да жоқ екен. Бастапқы мердігерлер ғимаратты атүсті салған көрінеді. Сондықтан ғибатадхананың қазіргі кейпі тым қарабайыр, дейді мамандар. Осыған дейін төрт мешіттің жобасын сызған сәулетші  Александр Листопадный бұл нысанға әлі Алла үйінің бірқатар нышандары орнатылуы тиіс, деп есептейді.

Александр Листопадный, сәулетші:

Бұл ғимараттың күмбездері ғана мешітке ұқсайды. Маңайына биік мұнара да салынбаған. Бірден көзге түсетін  еңселі кіреберісі де жоқ. Мен мешіттің ең маңызды белгілерін айтып отырмын. Бұдан бөлек әйнектердің дөңгеленуі және тағы да басқа ерекшеліктері болуы тиіс. Сондықтан әлі жетілдірген жөн деп санаймын.

Абзал Құрманкин, тілші:

Сәулетшілердің айтуынша, ғимаратты заңдастырудың өзіне шамамен 3 миллион теңге қажет. Жалпы, нысанды аяқтауға әлі де 10 миллион теңгедей керек, дейді мамандар. Ауыл халқының садақаға беретін қаражатын есептесек, онда құрылыстың аяқталуына тағы 10-15 жылдай уақыт қажет екен. Дегенмен, сағы сынбаған бұқара демеуші іздеуді тоқтатпақ емес.

А.ҚҰРМАНКИН