Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұр-Сұлтанда коронавирустан 2 адам көз жұмды

  • AstanaTV
  • 15 мамыр 2020
  • 2727

Елордада COVID-19 жұқтырған тағы екі адам қаза тапты. Оның бірі медицина қызметкері. Шұғыл штабтың мәліметіне сай, ел аумағында бір тәулікте 118 адам вирус жұқтырған. Науқастардың жалпы саны мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің болжамынан асып түсті. Қазір  індетті жұқтырғандар 5 жарым мыңнан асқан. Ғалымжан Өтемісов тарқатады.

Кеселден қаза тапқандардың бірі медицина қызметкері. 1958 жылы туған әйел, жеке медициналық мекемеде жұмыс істеген. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы марқұм зейнетке шықса да жұмысын жалғастырғанын айтты. Ал инфекциялық станционарда жұмыс істемегендіктен, ешқандай өтемақы берілмейтінін айтты.

Сәуле ҚИСЫҚОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


Иә, қайтыс болған азаматша медицина қызметкері. Алайда ол өтемақы төленетіндер қатарында жоқ. Себебі оның жұмыс орны аталған санаттағы жұқпалы аурулар емханасы, правизорлық мекемелер қатарына жатпайды. Сондықтан туыстарына ешқандай төлемақы төленбейді.

Нұр-Сұлтанда соңғы екі аптада індет таралуының орташа өсу деңгейі 4,4 пайызды құрады. Қазір қалада коронавирустық инфекцияның 1173 жағдайы тіркелген. 661 адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Ал 500-ден астам науқас емделіп шыққан. Қаза болғандар саны бесеу.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері 4 науқастың жағдайы ауыр деп отыр. Ал қалғандарынікі   тұрақты деді. Дегенмен Елордада 18 мамырдан бастап балабақшалар ашыла бастайды. Қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова кезекші топтағы балалар саны 15-тен аспау керек деді.
 
Шолпан ҚАДЫРОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Әрбір мектепке дейінгі ұйымдардың кезекші топтарында бала саны 15-тен аспауы тиіс. Балабақшаға келмеген жағдайда баланың орны сақталады. Осы жерде дұрыс түсіндіріп кету керек. Бір топта бала саны 15-тен асатын болса, тағы басқа кезекші топтар ашылады.

Мекемеге алдымен ата-аналарының екеуі де жұмыс істейтін балалар қабылданбақ. Басқарма басшысы баланың денсаулығы туралы анықтама да міндеттелетінін жеткізді.

Ғ.Өтемісов