Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрсәуле Сайлауова бостандыққа шықты

  • AstanaTV
  • 15 мамыр 2020
  • 2604

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрсәуле Сайлауова бостандыққа шықты. Аймақтағы әлеуметтік салаға жауапты болған 43 жастағы экс-шенеунік пен облыстық білім беру саласының бір топ қызметкеріне мемлекет қаржысын талан-таражға салды деген айып тағылған болатын.  Олардың аппеляциялық шағымын облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қараған еді.

«Ауылдан адам көшсе де, Адамнан ауыл көшпейді»,- деп әндетіп отырған облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрсәуле Сайлауова. Бұл таспа әлеуметтік желіде тарады. Бостандыққа шыққанын жақындарымен дастархан басында атап өтіпті. Облыстың әлеуметтік саласын 1 жылдың үстінде басқарған 43 жастағы экс-шендіні, қалалық №2 сот, қаңтарда 2 жыл бас бостандығынан айырған еді. Тергеу изоляторындағы 1 күні, екі күн боп есептеліп, жазасын толық өтеп шығыпты.

Боранбай ҒАЛИЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ СОТЫ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Сотта 2 жыл бас бостандығынан айырылу жазасының өтелуіне байланысты Сайлауова қамаудан босатылды. Сол сияқты бірінші сатыдағы сот үкімінің Қабекеновке қатысты бөлігі өзгертіліп, оған екі жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сайлауова келтірілген материалдық шығындарды толығымен,  қалғандары ішінәра өтеді.

Еске салайын қалалық №2 сот қаңтарда Нұрсәуле Сайлауовамен бірге 8 адамға үкім кескен еді. Олардың арасында білім басқармасының басшысы Кенжеғалиев, оның орынбасары Қабдолова, әдістемелік орталықтың директоры Қабекенов пен 3 бас есепші және есепшінің көмекшісі бар. Бюджеттен бөлінген 118 млн теңгені жымқырғаны дәлелденді. Сондай-ақ жаңа жылдық шыршаға бөлінген қаражатты таныс кәсіпкерлерге аударып, 10 пайызын беріп, қалған 90 пайызын қалталарына басқаны анықталған еді. Пара алғандары да белгілі болған.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Әдістемелік орталық директоры Қабекеновтің мерзімі азайтылды. Ал қалғандарына қатысты шешім өзгеріссіз қалды. Айта кетейік, қаңтардағы сотта экс-шенеунік Нұрсәуле Сайлауова бір өзі кәмелеттік жасқа толмаған бала тәрбиелеп отырғаны және қолында қарт анасы бар екені негізге алынды.

 Б. Нәдірқызы