Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматылықтар жедел желілерге қоңырау шалып, ала алмаған

  • AstanaTV
  • 15 мамыр 2020
  • 4185

Алматыда түнімен жаңбыр жауып, көпқабатты үйлердің жертөлесі суға толды. Тіпті көшелерге қызыл су жайылып, көлік қатынасын қиындатты. Қатты желден құлаған ағаштарда, көшедегі қозғалысты шектеді. Жауынның салдарын әріптесім Аршын Кемелжан саралап көрді.

Алматылық Айна Көпбаев жертөлесін судан тазартуды бүгін түске таман ғана бастады. Айтуынша баспанасы сыр берген. Толассыз жауыннан қауіптенген ол, құзырлы орындарға таңнан бері қоңырау шалып, хабарласа алмағанына ашынды. 

Айна КӨПБАЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осы жауыннан кейін үйім тұруға қауіпті. Кейін құлап кете ме деп қорқамын. Себебі, жертөле суға толып қалды. Іргетасында сызаттар пайда болды. Мына батпақ кепкенше үй қисайып кетуі әбден мүмкін. Таңғы сегізден барлық жерге қоңырау шалып ала алмадық. Түске таман ғана арнайы қызмет келіп, олар жертөледегі суды сорғызып жатыр.

Қалада түнде толассыз жауын болып, аулалар суға толды. Тіпті ағаштар құлады. Көпқабатты үйлердің жертөлесі де жаңбыр суына толған. Арықтар арнасынан тасып, көшелер суда қалған.

Әлеуметтік желіде мұндай бейнетаспалардан көз сүрінеді. Қаланың әр ауданындағы жағдайды тұрғындар жариялап, уақытша жабылып қалған жолдар туралы ескертулер жасады. Дегенмен төтенше жағдай мамандары қауіп сейілгенін хабарлайды. Олардың дерегінше түндегі жауын мөлшері бір айлық көрсеткіштің үштен бір бөлігін құраған.  

Гүлдана НҰРЫМБЕТОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТЖД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Аула мен көшелерге судың жайылуы, негізінен арықтардың тазаланбауынан болды. Су басу фактілері негізінен Жетісу және Алатау аудандарында тіркелді. Очинская, Скрябин сынды қауіпті аумақтарда департамент мамандары  алдын ала қауіпсіздік нығайту үшін жұмыс істеді. Қазір ешқандай қауіп жоқ.


Құтқарушылар аталған аудандардан 840 текше метр су сорған. Қорғану үшін 260 қап төсепті. Ал, ағаштар жаңбыр алдында болған қатты желден құлады деп отыр. 19 дерек тіркелсе, оның сегізі тұрақтағы көліктерге түскен. 11-і жолдарды жауып қалған.

Аршын КЕМЕЛЖАН, ТІЛШІ:

Айта кетейін, бүгін Қазгидромет ел аумағында, нақтырақ айтсақ 15 өңірде жел тұрып, жауын жауатынын хабарлайды. Оңтүстіктің таулы аудандардағы өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін. Ал Ақмола облысында жел тұрып, жауын, тіпті бұршақ та жаууы ықтимал деді. Алматыда да жаңбыр болатынын болжады.   

А. Кемелжан