Елордада карантин режимі қайтадан қатаңдатылуы мүмкін. Бұл туралы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова хабарлады. Бүгін қалада шағын мейрамханалар мен дәмханалар жұмысын бастады. Осыған орай, жергілікті атқамінерлер тамақтану орындарының санитарлық талаптарды қаншалықта сақтап отырғанын тексерді. Рейдке қатысып қайтқан әріптесім Әлішер Өмірзақ жағдайды баяндайды.
Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:
Бір жарым ай үзілістен кейін 50 адамға қарастырылған мейрамханалар мен кафелер жұмысы қайта жанданды. Бұған дейін олар онлайн-тапсырыс пен жеткізу қызметі арқылы жұмыс істеп келген еді. Індеттің ауыздықтылмағанын ескерсек, қауіпсіздікке жіті назар аударылуы тиіс. Мәселен мына мейрамханада қаншалықты деңгейде сақталғанына сіз бен біз бірге көз жеткіземіз. Кіреберісте арнайы антисептик орнатылған, ал мұнда температура тексересіздер, иә?! Жақсы, рақмет. Тапсырыс беру үшін қайда барамыз?
Бір қарағанда карантинге дейінгі көріністен еш айырмашылығы жоқ. Бірақ байқалмайтын ережелер сақтаулы. Бір стөлде үш адамнан көп отыруға болмайды және медициналық маскаңыз болмаса сізден ешкім тапсырыс қабылдамайды. Тіпті ғимаратқа кірмейсіз дейді дәмхана әкімшілігі.
Гауһар ЕСІКБАЕВА, ДӘМХАНА ӘКІМШІСІ:
Өкінішке қарай кейбір қонақтар қазіргі жағдайда тиісті қауіпсіздік ережелерін ұстану қажеттігін әлі де түсінбейді. Маска кигісі келмейді және т.б. Өзге қонақтардың денсаулығы маңызды болғандықтан біз ондай адамдардан ғимаратты босатуын сұраймыз.
Ал тамақтанатын орындар ереже бұзушылыққа жол берсе алдымен ескерту, оған құлақ аспаса, айыппұл төлеп, тіпті жабылуы да мүмкін. Қазір елорданың өзінде 4 мыңнан астам қоғамдық тамақтану орны бар. Оларды әкімдіктің мобильді тобы, полицейлер мен эпидемиологтар тексеріп, санитарлық ереженің сақталуын қадағалайды.
Азамат РАШИТОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ӘКІМДІГІНІҢ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
Өзіңіз байқағандай көп талаптар сақталып жатыр. Әрине, бір-екі факторлар болады. Ондай жағдайда басшылыққа айтып, ескертау жасаймыз. Егер де ескерту орындалмаған жағдайда мобильді топтардың объектіні жауып тастауға толықтай құқығы бар. Өйткені карантин біткен жоқ.
Сондай-ақ, ішкі әуеқатынастарының қайта жандануына байланысты қонақүйлерге сұраныстың тууы да орынды. Олардың да қауіпсіздікті сақтауы мен қонақтарды қабылдауға дайындығы пысықталды.
Ерлан БЕКМЫРЗАЕВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ӘКІМДІГІНІҢ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Аралау барысында қонақүйлерде карантин ережелерінің сақталып жатқан-жатпағандығын тексеріп шықтық. Қонақүй басшыларының айтуынша антисептик, қызметкерлердің барлығында маскалар бар және дезинфекция жұмыстарын өткізіп жатыр.
Қонақүйлерден бөлек сауда орталықтарының да санитарлық талаптарды орындау деңгейі назардан тыс қалмады. Мәселен Орталық базар жұмыс істеуге дайын. Еске сала кетсем кетсем астананың өзінде бұған дейін ережені сақтамаған 15 нысан жабылған еді. Тұрғындар да босаңситын болса елорда қайта карантин режимін қатаңдатуы мүмкін.
Сәуле ҚИСЫҚОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Адамдар босаңсымауы, маска тағу режимін қатаң сақтауы керек. Егер санитарлық норма сақталмаса, қала тағы да қатаң карантин ережелеріне қайта оралады. Қалыпты өмірге тезірек оралу өзімізге байланысты.
Ә. Өмірзақ