Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістанда 5 қабатты үйдің шатыры тесік

  • AstanaTV
  • 18 мамыр 2020
  • 2251

Түркістанда 90-нан астам отбасы шатыры тесік баспанада күн кешіп жүр. Редакциямызға хабарласқан "Самал" мөлтек ауданының тұрғыны, үй қабырғалары құлауға шақ тұр,- дейді. Жауын-шашында төбеден сорғалаған су бірінші қабатқа дейін ағатынын айтады. 5 қабаттЫ баспана 1979 жылы салыныпты. Содан бері мүлде жөндеу көрмегеніне ашынады. Шарасыз жұрт әкімдіктен де көмек сұраған, алайда тындар құлақ табылмапты. Кетеуі кеткен үй иесі арнамызға бейнетаспа жіберген екен. Қарап көрейік.

Бақытгүл ҚУАНЫШБАЕВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Құзырлы органдарға айта-айта шаршадым. КСК-ға да, акиматка да айттық. 10 жылдан бері қанша рет ауысты. Ешқандай нәтиже жоқ. Видеода көрсетілгендей үй қиын жағдайда тұр.

Әділет РАХЫМБАЙ, ЖҮРГІЗУШІ:

Осы мәселеге байланысты жергілікті шенділерімен байланысып көрсек. Бізбен қалалық Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекиясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әбутәліп Асанов тілдесуге дайын екен.  Қайырлы кеш, Әбутәліп мырза! Сіз тікелей эфирдесіз. Үйдің жағдайын көрдіңіз, тұрғынның да базынасын естідіңіз. Бұл үйге қашан жөндеу жүргізіледі?

Әбутәліп АСАНОВ, ТҮРКІСТАН қ. ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Түркістан қаласында ескірген 105 тұрғын үй бар. Жыл сайын олардың біраз бөлігіне қаражат бөлініп, күрделі жөндеуден өткізіледі. Ал жоғарыдағы тұрғынның үйі биылғы жоспарда бар. Карантин аяқталғаннан кейін, республикалық бюджеттен қаражат бөлінсе, жөндеуден өткіземіз деп отырмыз.

Әділет РАХЫМБАЙ, ЖҮРГІЗУШІ:

Сұхбатыңызға рақмет! Бізбен байланыста болған Түркістан қаласы Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекиясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әбутәліп Асанов. Хабарласқан көрерменнің мәселесіне жергілікті билік атүсті қарамайды деп ойлаймыз. Біз бұл мәселені өз бақылауымызға аламыз. Қымбатты көрермен, сізді де мазалаған проблема болса, экранда көрсетілген байланыс нөмеріне хабарласыңыз! Біз сізбен бірге жауабын тікелей эфирде іздейміз. Заңсыз оқиғалар мен төтенше жағдайлардың куәсі болсаңыз, видео немесе аудио жолдай аласыз. 

А. Кемелжан